Бүгінде үшінші мегаполисте жол-құрылыс жұмыстары қарқын алған. Жолайрық, айналма жолдар салынып, магистральді көшелерде күрделі және ағымдағы жөндеу жұмыстары атқарылып жатыр. Бұл ретте, өз ісінің білгірі, білікті мамандарға артылар сенім зор.
Жылдың барлық мезгілінде, тәуліктің барлық мезетінде үздіксіз қызмет етіп жүрген мамандардың еңбегі айрықша. Бүгінгі кейіпкеріміз – кәсібіне адалдық танытып жүрген нағыз еңбектің адамы. Жол құрылысындағы білікті мамандардың бірі – Қуанышбек Тұңғышбаев. Ол жас та болса бас болып, шаһардағы көптеген құрылыс нысандарында жауапты қызмет атқарып, 2017 жылдан бері маңызды нысан құрылыстарын басқаруда өзінің білім-біліктілігін байқатқан. Еңбек жолын бастағалы тек осы жол саласында еңбек етіп келеді.
Қуанышбек Тұңғышбаев – 1988 жылы Түркістан облысы Арыс қаласында дүниеге келген. Бала кезден құрылысшы болуды армандапты. Шымкент аграрлық колледжінде жерге орналастырушы, геодезия мамандығын бітірген. Одан кейін М.Әуезов атындағы ОҚУ-да жалпы құрылыс мамандығын тәмамдаған. Қазір – бәсекелестік заманы. Ол интернеттен дәрістер тыңдап, әрдайым өзімді дамытуға уақыт табатынын айтады. Жеке кәсіпкерлікті дамыту, жол саласындағы жаңа технологиялар, жаңа білім-біліктер жайында ізденеді. Жалпы прораб деген бесаспап маман болу керек. Кейде жұмысты дұрыс ұйымдастыруда шет тілдеріне де қажеттілік туындап жатады. Сол себепті қазіргі таңда ол ағылшын тілін үйреніп жүр.
35 жастағы Қуанышбек Жақсыбекұлы бұған дейін де көптеген жол нысандарының құрылысына жауаптылық еткен. Атап айтқанда, БИІК стадионы аумағындағы Ақсүмбе көшесі, Батыс Еуропа-Батыс Қытай халықаралық транзиттік дәлізінің Түркістан және Жамбыл облысының (Қордай, Мерке) аудандарындағы маңызды стратегиялық нысандарда да қызмет атқарды.
Жол құрылыс саласының өзіндік қиындығы бар және жауапкершілігі орасан. Жұмысты қарқынды әрі сапалы жүргізіп, кестеге сәйкес тапсыру керек. Құрылыс барысында қауіпсіздікті сақтау да басты талап. Олар қысы-жазы, ыстықта да, суықта да үздіксіз жұмыс істейді.