26 шілде күні Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Атқару комитеті мүшелерінің кезекті отырысы өтті.
Отырыста Кәсіподақтар федерациясының халықаралық ынтымақтастықты дамыту саласындағы ең маңызды жетістіктері мен жақын арадағы жоспарлары қаралды.
Әріптестері алдында сөйлеген сөзінде ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына толыққанды мүшелігінің ресми расталғаны туралы көптен күткен жаңалығымен бөлісті.
Еске сала кетейік, 2022 жылдың қарашасында ХКК V конгресі аясында Мельбурн қаласында өткен Бас кеңес отырысында ҚРКФ-тың Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігін қалпына келтіру туралы шешім қабылданған болатын.
ХКК Бас хатшысының міндетін атқарушы Люк Трайнгл Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталинге жолдаған хатында Федерацияның Қазақстандағы бірлестіктер бостандығын қолдаудағы күш-жігерін жоғары бағалап, халықаралық ұйым құрамына қабылдау туралы шешімді растады.
«Мен сізбен жаһандық кәсіподақ отбасында өз рөліңізді қалай көрсете алатындығыңыз туралы талқылауды жалғастыру мүмкіндігін асыға күтемін. Атап айтқанда, сіз 12 қазанда өтетін ХКК Бас хатшысына кандидатураларды ұсыну процесіне және Виртуалды кезектен тыс конгреске, сондай-ақ, 5 желтоқсанда Брюссельде өтетін PERC Бас ассамблеясына толық қатыса аласыз. Соңғы бірнеше айдағы сіздердің бізбен қарым-қатынастарыңыз мені таңдандырды және осы мүмкіндікті пайдаланып, сіздерді халықаралық кәсіподақ қозғалысына қайта қосылуларыңызбен құттықтағымыз келеді, бұл сіздің мүшелеріңізге де, ХКК үшін де өзара тиімді болады», – деп көрсетілген хат мәтінінде.
ХКК халықаралық кәсіподақ қозғалысына бұл шешімді осы жылдың қыркүйек айында өтетін Бас кеңес отырысында ресми түрде жариялауды жоспарлап отыр.
Әріптестерін осынау тарихи оқиғамен құттықтаған Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының барлық мүше ұйымдарына ортақ жеңіске қосқан үлестері үшін алғысын білдірді.
«Біз Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына толыққанды мүшелікті қалпына келтірдік. Мұның басты себепкері Федерация мен оған мүше ұйымдардың қажырлы да дәйекті жұмысы болды. Біз кәсіподақ ішіндегі қызметке демократиялық өзгерістер енгізу, әлеуметтік әріптестік деңгейінде халықаралық стандарттарға негізделген кәсіподақ бастамаларын алға бастыру және шетелдік әріптестермен келіссөздер жүргізу арқылы осы мақсатқа қолжеткіздік. Осы шаралардың барлығы ойдағы нәтижелерді әкеліп, Федерацияның еңбекшілердің мүддесі үшін халықаралық кәсіподақ диалогын нығайтуға және дамытуға деген ұмтылысын көрсетуге мүмкіндік берді», – деп атап өтті ҚРКФ төрағасы.
Атқару комитетінің мүшелері Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының ірі халықаралық кәсіподақ ұйымының құрамына кіруінің тарихи маңызын атап өтіп, Қазақстан кәсіподақтарының халықаралық аренадағы беделін арттырудағы Федерация басшылығының ерекше еңбегін атап өтті.
Атқару комитетінің мүшелері ҚРКФ-тың ХКК-ға мүшелігін қалпына келтіру мәселесін талқылағаннан кейін Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымын құру туралы бастаманы мақұлдады.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталиннің айтуынша, еңбеккерлердің әлеуметтік-еңбек, кәсіптік, экономикалық құқықтары мен мүдделерін қорғау жөніндегі іс-шараларды біріктіру мақсатында бес түркі мемлекетінің – Қазақстан, Әзербайжан, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстанның Ұлттық кәсіподақ орталықтары жаңа құрылым құру туралы Келісімге қол қою ниетін білдірді.
Бұл мәселе алғаш рет қазақстандық тараптың бастамасымен көтеріліп, бірнеше жыл бойы талқыланып келген.
«Біздің мемлекеттеріміз жылдан жылға саяси, экономикалық, мәдени және басқа да салалардағы ынтымақтастықты нығайтып келеді. Кәсіподақтар бұл үдерістерден шет қалмауы керек. Бүгінгі таңда ынтымақтастық әлеуетін арттыру және еңбеккерлердің лайықты еңбекке, лайықты өмірге және әлеуметтік әділеттілікке құқықтарын қорғауда жаңа мүмкіндіктер ашу маңызды», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясына 28-31 шілдеде Бакуде жоспарланған Келісімге қол қоюға шақыру келіп түскенін айтты. Бұл ретте ҚРКФ басшысы әріптестерін осы мәселе бойынша ортақ шешім қабылдауға шақырды.
Талқылау барысында ҚРКФ Атқару комитетінің мүшелері ортақ мақсаттарға жету үшін ынтымақтастық көкжиегін кеңейту аясында жаңа халықаралық құрылым құру бастамасын қолдады.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрайымы Айгүл Мұқашева мен Химия, мұнай-химия және өндірістің тектес салалары қызметкерлерінің салалық кәсіподағының төрағасы Керім Пірімқұлов ынтымақтастықтың маңыздылығын айта келе, салалық халықаралық құрылымдар деңгейінде түрік кәсіподақтарымен өзара ынтымақтастық туралы баяндады.
Мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлері салалық кәсіподағының төрағасы Светлана Иманқұлова, мұнай-газ кешені салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Сұлтан Қалиев, энергетиктер салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Оразбек Бекбас, «Қызмет» салалық кәсіподағының төрағасы Мирболат Жақыпов, Павлодар облысының кәсіподақ орталығының төрағасы Динара Айтжанова және Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы Атқару комитетінің басқа да мүшелері Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымын құрудың өзектілігі туралы пікірлерімен бөлісті.
Атқару комитеті отырысының соңында ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Федерацияға мүше ұйымдардың өкілдері – Атқару комитетінің мүшелері алдында сөйлеген сөзінде бүгінгі қабылданған шешімдердің Кәсіподақтар федерациясының 2020-2025 жылдарға арналған «Әділеттілік пен дамуға – бірлікте» стратегиясының мақсатты түрде жүзеге асырылуын жалғастыруға мүмкіндік беретінін атап өтті.
ҚРКФ медиаорталығы