Қызылордада облыстық үшжақты комиссия отырысы өтті

Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Н.Сақтағановтың төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев және комиссия құрамындағы салалық кәсіподақ төрағалары қатысты.

Комиссия отырысының күн тәртібінде негізгі мәселе ретінде облыстағы еңбек қарым-қатынастарының жағдайы және шиеленістердің алдын алу бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мәселесі талқыланды. Аталған мәселе бойынша облыстық еңбек саласындағы бақылау басқармасының басшысының міндетін атқарушы Т.Ерманов «Торғай-Петролеум» АҚ-дағы еңбек қатынастары туралы хабарлама жасап, еңбек ұжымындағы ахуалды баяндады. Мұнай компаниясы жұмыскерлері ұжымдық арызбен кәсіпорын басшылығының еңбек қатынастары бойынша іс-әрекеттеріне наразылық білдірген. Комиссия отырысына қатысқан кәсіпорын басшылық тарапы еңбек қатынастары бойынша заң нормаларының сақталуы туралы өз пікірлерін білдірді.

Комиссиямен кәсіпорын басшылығына ұжымдағы ахуалдың тұрақтылығын қамтамасыз ету және кәсіпорын қызметінің тиімділігі мен ашықтығын қамтамасыз ету мақсатында ұжым қызметкерлері алдында жылына кемінде екі рет атқарылған жұмыс туралы есеп беруді ұйымдастыру ұсынылды.

Еске сала кетейік, «Торғай Петролеум» акционерлік қоғамы 1995 жылы құрылған, кәсіпорында 452 жұмыскер жұмыс істейді. Кәсіпорын жұмыскерлері кәсіподақ мүшелері болып табылады, кәсіподақ ұйымы «Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіподағы» құрамына кіреді.