Сот шешімі еңбеккердің пайдасына шығарылды

Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы жанындағы Заң клиникасы «ҚАЗХРОМ Трансұлттық компаниясы» АҚ филиалы – Ақтөбе ферроқорытпа зауытының балқытушысы Сүндет Ғабитұлының еңбек құқығын сот процесінде қорғап, оның өз жұмысына қайта оралуына жол ашты.

Нақты айтсақ, зауыт еңбеккері медициналық тексеруден өту барысында Еуразия медициналық орталығының дәрігерлері оны денсаулығында ақау бар деп, жыл басынан бастап жұмыстан шеттеткен.

Еңбеккер С.Ғабитұлы сол уақытқа дейін зауытта цех балқытушысы болып еңбек етіп жүрген, денсаулығына еш шағымы болмаған.

Осы шешімге келіспеген кәсіподақ ұйымының мүшесі Ақтөбе ферроқорытпа зауытының бірлескен кәсіподақ ұйымының төрағасы Ә.Сотқаровпен бірге Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығы жанындағы Заң клиникасына жүгінді. Оған Татуластыру орталығында дауды татуласу жолымен шешу бағыттары ұсынылды.

Алайда оң нәтиже бермеген іс-әрекеттер жұмыскердің өз құқығын сотта қорғауға мәжбүр етті.

Кәсіподақ заңгері зауыт еңбеккеріне тегін заңгерлік көмек көрсете отырып, сот процестерінде оның құқығын қорғауға мейлінше ат салысты.

Ақтөбе қалалық сотында кәсіподақ заңгері Ж.Нұршекенов Қазақстан Республикасы Заңдарының нормаларына сүйене отырып, жұмыскердің құқықтарын толықтай қорғап шықты.

Ақтөбе қалалық сотының 27 шілде 2023 жылғы шешімімен Евразия медициналық орталығының дәрігерлік-кеңес беру комиссиясының қортындысы заңсыз деп танылып, С.Ғабитұлының талап арызы толықтай қанағаттандырылды.

Нәтижесінде тәжірибелі қызметкер еңбек жолын қайта жалғастыруға мүмкіндік алды. Еңбеккер, өз құқықтарын белсенді, әрі нәтижелі қорғағаны үшін кәсіподақ жанындағы Заң клиникасы мамандарына өзінің шексіз алғысын жеткізді.