Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы төрағасының Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымын құру туралы келісімге қол қою рәсімінде сөйлеген сөзі

ҚРКФ төрағасының сөйлеген сөзі

Шуша қаласы, 29 шілде 2023 жыл

 Құрметті аға-бауырлар мен апа-қарындастар!

Сөз басында Әзербайжан Кәсіподақтар конфедерациясының төрағасы, бауырым Саттар Мохбалиевке бізге танытқан ыстық ықыласы мен қонақжайлылығы үшін зор алғысымды білдіруге рұқсат етіңіздер!

Сондай-ақ, біздің бастамамызға қолдау білдіріп, бүгінгі басқосуға атсалысқан Эркюн Аталай, Бахтияр Хасанович Махмадалиев, Омур Арыстанбеков бауырларыма ризашылығымды білдіремін.

Бізді, бауырлас түркі халықтарының өкілдерін, ортақ тарихи тамыр, ортақ мәдениет пен дәстүр, ортақ мақсат пен бірегей мүдде біріктіреді.

Түркі тайпалары мен олардың одақтары адамзат тарихында өшпес із қалдырды. Олар әлемдік өркениетке ерекше көшпелі мәдениет сыйлады. Көшпелілікті отырықшылықпен ұштастырған түркі тайпалары екі континенттің шаруашылық және мәдени жетістіктерінің нәтижелерін бойына сіңірді. Көне түркі дәуірінің үш кезеңі тарихымыз үшін негізгі болды: Хунну империясы дәуірі, ежелгі түріктер (Түрік қағанаттары) және Алтын Орда (Жошы ұлысы) дәуірі. Қазіргі қазақтар – ежелден арғымақтарының тұяғымен Дүниені дүр сілкіндірген көне сақтардың, ғұндардың, түріктердің ұрпақтары.

Бұл – көне ескерткіштер, Есік қорғанынан күміс тостағанда сақталған жазулар, Орхон, Енисей, Талас аңғарларынан Түрік қағанаты дәуіріндегі руналық жазулар арқылы дәлелденген ақиқат. Алтын Орда дәуірі қазақ халқының тарихындағы шешуші кезең болды. Дәл осы кезеңде кейіннен «қазақтар» деп аталатын біртұтас этногенетикалық қауымдастық қалыптасты.

Түркі елдерінің ортақ мүдделері ғана емес, сан ғасырлық тарихы да ортақ екенін атап өткім келеді. Интеграциялық одақтардың ешқайсысында мұндай қуатты біріктіруші құрамдас жоқ.

Бүгінде алты түркітілдес мемлекет 4,73 миллион шаршы шақырым жерді алып жатыр және жалпы саны 170 миллионға жуық адамнан тұрады, оның ішінде, шамамен 125 миллионы –түркітілдес халық, бұл әлемдегі түркі тілдес халықтардың жалпы санының 76,2%-ын құрайды. Яғни, түркі елдерінің әлемде өкілдігі жоғары, үні зор.

Соңғы отыз жыл ішінде бұл механизмді үкіметаралық ұйымнан (Түркі кеңесі) аймақтық халықаралық ұйымға (ТМҰ) дейін ілгерілеткен түркітілдес мемлекеттер арасындағы ынтымақтастық табысты дамып келеді.

Сондай-ақ, біздің елдердің ұлттық кәсіподақ орталықтары еңбеккерлердің сенімді қорғаушысы және мемлекеттік органдар мен жұмыс берушілер бірлестіктерінің жауапты серіктесіне айналды деп сеніммен айтуға болады.

Бүгінгі күні бірлігімізді нығайту, елдеріміздің кәсіподақтарының көпжақты ынтымақтастығына ортақ көзқарасты қалыптастыру аса маңызды. Осы орайда Түркі мемлекеттерінің кәсіподақтар ұйымын құру ерекше маңызға ие.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының атынан осы ұйымды құруға және бүгінгі  тарихи келісімге қол қоюға дайын екенімізді мәлімдеймін.

Бұл оқиғаның түркі өркениетінің дамуы жылы деп жарияланған 2023 жылы өтуі көңіл қуантады.

Біздің мақсатымыз – бір. Біз бауырластық қарым-қатынасты, өзара сенім мен ынтымақтастықты нығайтқымыз келеді. Біз біріксек, бұл әлемді жақсартуға мүмкіндігіміз көбірек болады.

Жүз жылдан астам уақыт бұрын кәсіподақтар қоғам дамуының белгілі бір талаптарына жауап ретінде адамзат тарихында пайда болды. Кәсіподақ қозғалысының негізінде жатқан қоғамның адалдыққа, әдептілікке, әділдікке деген қажеттіліктері өлмейді және оларды қорғайтын кәсіподақтар адамзат бар да бола береді.

Біздің мүлде жаңа ұйымға бірігу жолындағы бүгінгі қадамымыз – қарапайым еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін кәсіби қорғау біздің әрбір мемлекетімізде сұранысқа ие екендігінің тағы бір дәлелі.

Біз бірлесе отырып, елдеріміздің 48 миллион еңбеккерінің мүддесін қорғап қана қоймай, кәсіподақтың озық тәжірибесін алға бастырып, тәжірибе алмасып, жалпы түркі мемлекеттерінің еңбек саласындағы жағдайды өзгерте алатынымызға сенімдімін.

Сонымен бірге, біздің түркі елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтары арасындағы бірігуге және диалог орнатуға деген ұмтылысымыз ашық әрі сындарлы және үшінші тараптардың мүдделеріне қарсы бағытталмағанын жауапкершілікпен айтқым келеді.

Біздің мақсатымыз – ортақ, жолымыз бір – бірге болу!

Біздің ұйымның құрылуы – көптен күткен оқиға, дегенмен, бұл үлкен істің басы ғана.

Біздің бірлестігіміз түркі тізбегінің белсенді буынына айналып, бүгінгі басқосуымыз түркі интеграциясын дамытудың маңызды кезеңіне айналатынына күмәнім жоқ.

 Құрметті аға-бауырлар мен апа-қарындастар!!

Өз тарапымнан Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы біздің елдердің кәсіподақтары арасында қол жеткізілген келісімдер түркі елдерінің кәсіподақ мүшелерінің еңбек құқықтары мен әлеуметтік-экономикалық мүдделерін тиімді қорғауға, сондай-ақ, халықаралық кәсіподақ қозғалысының дамуына ықпал ету үшін бар күш-жігерін салатынына сендіргім келеді.

Баршамызға кәсіби қатарда бірлік, зор денсаулық, оптимизм және Еңбек адамының игілігі үшін жаңа жеңістер тілеймін!

Халықтарымызға еңбекте табыс, денсаулық, амандық және өркендеу тілеймін!

Әділеттілік, бірлік пен ынтымақ қағидаттарына негізделген даңқты кәсіподақ дәстүрлері нығая берсін!

 

Назарларыңызға рақмет!