Кәсіподақ көшбасшыларына арналған тимбилдинг ұйымдастырылды

Тимбилдинг (команда құру) – бұл біртұтас ұжымды қалыптастырудың заманауи тәсілі, онда команданың әр мүшесі өз орнын тауып, өзінің талантын барынша ашуға қабілетті. Команда құрудың барлық түрлері еркін бейресми қарым-қатынасқа жағдай жасайды, корпоративтік байланыстарды нығайтуға ықпал етеді және командада жұмыс істеуге үйретеді.
Осы мақсатта Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығы өңірдің кәсіподақ ұйымдарының көшбасшылары мен белсеңділерінің қатысуымен тимбилдинг ұйымдастырды.
Іс-шараға «Қаражанбасмұнай» АҚ, «Oil Services Company» ЖШС, «Oil Transport Corporation» ЖШС, «Өзенмұнайгаз» АҚ, «Кезби» ЖШС, «Өзенмұнайсервис» ЖШС, «Buzachi Operating Ltd», «CASPIBITUM» ЖШС, «Трубремцентр»ЖШС кәсіподақ ұйымдары және Маңғыстау жергілікті мұнайшылар кәсіподағы, жұмысшылардың «Aspan» жергілікті кәсіподағы, Жаңаөзен қаласының бұрғылау қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағы және т.б. кәсіподақ ұйымдары қатысты.
Кәсіподақ тимбилдингі жұмысшылардың бірін-бірі қолдау деңгейін арттыруға, жеке жауапкершілікті қалыптастыруға және командалық нәтижеге уәждемені дамытуға, команда мүшелері арасындағы психологиялық байланыстарды дамытуға, ортақ мақсаттарға бірлікпен жетуге, коммуникациялардың ашықтығын қамтамасыз етуге маңызды ықпал етеді.
«Демалыс үйінде өткізілген тимбилдингте қатысушылар жағымды эмоциялық сезімдерге ие болды, ашық ауада түрлі ойындарға қатысты, арнайы жайылған дастарханда үстінде кәсіподақ төрағалары мен белсеңділері бір-бірімен жақынырақ танысып, сенімділікті арттырып, достық пен бірлік нығайтты», – деп бөлісті Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығының төрағасы Сәдуақас Бекгалыев.
Тимбилдинг аясында қатысушылар 4 топқа бөлінді. Алты кезең бойынша сынға түсті. Алғашқы кезеңде қатысушылар бір-бірінің қолынан ұстап, шеңбер ішінен өтуі қажет болды. Бұл сайыста ұйымшылдығы мен жылдамдығы жарасқан топ жеңіске жетті. Ал екінші кезеңде қатысушылардың шапшаңдығы сыналды. Тапсырма бойынша, кәсіподақ белсеңділері жүгіріп, шашылып тұрған заттарды ыдысқа салуы керек. Ең көп жинаған команда жоғары баллға ие болды. Тимбилдингте тек спорттық жарыс ғана емес, сонымен қатар қатысушылар ән айтып, би билеуден де сынға түсті.
Шара соңында қатысушылар алған әсерлерімен бөлісіп, Маңғыстау облысының кәсіподақтар орталығына Алғыстарын білдірді.