Сатыбалды Дәулеталин: «Қоғамдық сананы өзгертіп, еңбекшілерге деген құрметті арттыратын кез келді»

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин бастаған Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының делегациясы жұмыс сапарымен Шымкент қаласында жүр. Делегация сапарының бірінші нысаны «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС болды.

Кәсіпорын 25 жылдан бері мемлекеттік-жекешілік әріптестік аясында қызмет көрсету нарығында табысты жұмыс істеп, бүгінде үшінші мегаполис пен Сайрам өңіріндегі бірқатар елді мекендерді коммуналдық және ауыз сумен үздіксіз қамтамасыз етіп келеді. Қазіргі уақытта компанияда 1000 қызметкер бар, оның ішінде 927-і – кәсіподақ мүшесі.

ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС мұражайында болып, құрметті қонақтар кітабына естелік жазба қалдырды. Орталық диспетчерлік қызметте Кәсіподақтар федерациясының өкілдері ағынды суларды тазарту қондырғыларында қолданылатын озық технологиялардың жұмысымен танысты.

Кәсіпорын жұмысымен танысқан Кәсіподақтар федерациясының басшысы әлеуметтік-экономикалық қолдау шараларын және жұмыскерлерге қолайлы еңбек жағдайын жасауды жоғары бағалады.

Сатыбалды Дәулеталин «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС-нің әлеуметтік дүкенінің жұмысын ерекше атап өтті, онда кәсіпорынның барлық жұмыскерлері ең қажетті тауарларды нарық бағасынан 20%-ға төмен бағамен сатып алу мүмкіндігіне ие.

«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС кәсіподақ комитетінің төрайымы Гүлнұр Сүйіндікованың айтуынша, кәсіпорынның бас директоры Анарбек Орманның қолдауымен ұйымның кәсіподақ ұйымы 2016 жылдан бері еңбеккерлер үшін «Азық-түлікпен қамтамасыз ету» жобасын енгізген. Оның айтуынша, жоба аясында жеңілдетілген бағамен 553 234 тонна ең қажетті өнімдер сатылды, оның ішінде, жеміс-жидек, көкөніс, ұн, күріш, қант, макарон өнімдері, күнбағыс майы және т.б. 2023 жылы жұмыскерлерге 130 тонна азық-түлік қарастырылған.

Серіктестікте тиімді де жемісті жұмыс істеуге барлық жағдай жасалғанына жиынға қатысушылар серіктестіктің асханасы мен спорт залын аралау арқылы көз жеткізді.

Гүлнұр Сүйіндікованың айтуынша, кәсіподақ ұйымы қызметкерлерге асханада тамақтануға жеңілдік жасайды, мұнда жұмыскер бар болғаны 350 теңгеге толық тамақтанады. Мәселен, кәсіпорынның асханасының тамағы бір қызметкерге орташа есеппен айына 7 мың теңге тұрады. Бұл ретте асханада ыстық шай жұмыс күнінің кез келген уақытында тегін беріледі.

Осымен қатар кәсіподақ қоры есебінен медициналық кабинет, спорт залы жұмыс істеп тұр.

Кәсіпорын кәсіподақ ұйымының жұмыскерлерді қолжетімді азық-түлікпен қамтамасыз ету саласындағы бастамаларын құптай отырып, Сатыбалды Дәулеталин Федерацияның Қарағанды ​​облысында қолға алған «Кәсіподақтық сауда желісі» пилоттық жобасы туралы айтты.

«Жобаның мақсаты – делдалдардың тізбегін айналып өтіп, азық-түлік пен ең қажетті тауарларды өндірушілерден тұтынушыларға тікелей жеткізу. Кәсіподақ жобасының мәні – «Әділ баға». Болашақта Қазақстанның басқа аймақтарында сауда желісінің қамтуын кеңейтуді жоспарлап отырмыз. Ең қажетті өнімдердің бағасын түсіріп, жұмыскерлерге де қамқорлық жасағандарыңыз қуантады. Бұл бағаның жаппай өсуі жағдайында сатып алу қабілетін сақтаудың маңызды қадамдарының бірі», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Жиын барысында «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС бас директорының орынбасары Жанатбек Тұрдалиев өңірдегі сумен жабдықтау ұйымдары қызметкерлерінің жалақысының төмендігі мәселесін шешуге қолдау көрсету үшін ҚРКФ төрағасына жүгінді.

«Жалақы сумен жабдықтау және су бұру қызметтерінің тарифтеріне байланысты болғандықтан, қызметкерлердің жалақысы басқа өңірлердегі әріптестерінен әлдеқайда төмен және Қазақстандағы орташа жалақыдан төмен. Шымкент қаласы бойынша орташа жалақы 245 мың теңгені құраса, кәсіпорын жұмыскерлерінің орташа жалақысы 152 мың теңгені құрайды. Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы қызметкерлерінің жалақысы облыстағы орташа жалақыдан төмен болмауы керек деп есептейміз. Біз жұмыскерлердің жалақысын 10 пайызға көтердік, бірақ бұл қызметкерлердің кірісіне айтарлықтай әсер еткен жоқ», – деп бөлісті Жанатбек Тұрдалиев.

Жиын барысында көтерілген түйткілді мәселелерді шешуге тоқталған Кәсіподақтар федерациясының төрағасы жұмыскерлердің еңбек құқықтары мен мүдделерін алға бастыруда кәсіподақ ынтымағы мен бірлігінің маңыздылығын атап өтті.

Тарифтерді белгілеу мәселесі мемлекеттік органдардың құзырында болғанымен, ҚРКФ басшысы бұл мәселені шешуге Кәсіподақтар федерациясы өз үлесін қосатынына сендірді.

Сатыбалды Дәулеталин әділ еңбек қатынастарын дамыту, соның ішінде, лайықты жалақы деңгейін қамтамасыз ету мәселелері көптен бері Федерацияның күн тәртібінде тұрғанын және әлеуметтік әріптестердің қарауына тиісті ұсыныстар жіберілгенін атап өтті.

«Лайықты еңбектің негізі – ең алдымен лайықты еңбекақы. Қазіргі таңда Кәсіподақтар федерациясы ең төменгі жалақыны 42 500 теңгеден 70 000 теңгеге дейін көтеруге қол жеткізді. Ел Президенті кәсіподақтардың ең төменгі жалақыны анықтау әдістемесін әзірлеу жөніндегі көптен бері келе жатқан бастамасын қолдады. Сонымен қатар, біз ең төменгі жалақы халықаралық стандарттарға сәйкес болуын және орташа жалақының 50 пайызынан кем болмауын талап етеміз. Қазіргі орташа жалақы 365 мың теңге болса, ең төменгі жалақы 180 мың теңге болуы керек», – деді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Еңбекке ақы төлеу тақырыбын жалғастырған Сатыбалды Дәулеталин 150 мыңнан астам ұжымдық шарттардың тек 10 пайызында ғана еңбеккерлердің жалақысын индексациялау нормалары қарастырылғанын айтты.

«Жалақыны индекстеу – бұл көптеген жұмыс берушілер есептегендей жалақыны көтеру емес, бұл инфляция пайызына жалақыны қайта есептеу. Индекстеу талабы барлығына бірдей болуы және заңнамалық деңгейде бекітілген болуы керек. Бұл ретте бірінші кезекте кірісі 300 мың теңгеден төмен еңбеккерлердің жалақысын индексациялау қажет», – деп есептейді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, еңбекшілердің құқықтарын қорғаудың бірден-бір маңызды құралы – еңбекақының төмендігіне қарамастан, жұмыскерлерге қосымша әлеуметтік кепілдіктер бере алатын ұжымдық шарт.

Кәсіподақтар федерациясының төрағасы өнеркәсіптік қауіпсіздік мәселелеріне ерекше назар аударды. Кәсіпорында өндірістік жарақаттану жағдайларының жоқтығын оң бағалаған ол қызметкерлерді қауіпсіз еңбек мәдениетін арттыруға шақырды.

«Жыл сайын өндірісте 200-ге жуық адам қаза болады. Біздің талдауымыз көрсеткендей, жазатайым оқиғалардың 70 пайызы жұмыс берушінің кінәсінен болады. Сөзсіз, кәсіподақтар қызметкерлер арасында еңбек мәдениетін қалыптастыруда белсенді жұмыс істеуі керек, бірақ, жұмыс беруші қызметкердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін барлық жағдайды жасауы керек», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Оның айтуынша, қоғамдық сананы өзгертіп, еңбекшілерге деген құрметті арттыратын уақыт жетті.

«Еңбек адамы – мемлекеттің ең басты құндылығы, оның өсіп-өркендеуі мен экономикасының өсуіне ықпал етеді. Біз Еңбек адамын құрметтеп, қолдауымыз керек. Бұл мәселеде кәсіподақтардың рөлі басым болуы керек. Кәсіподақ – жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы сенімді көпір», – дейді Сатыбалды Дәулеталин.

Өз кезегінде сөз алған Шымкент қалалық Кәсіподақ орталығының төрағасы Бауыржан Әлтеев кәсіподақтардың еңбекшілердің құқығын қорғаумен айналысатын бірден-бір ұйым екенін қосты.

Оның айтуынша, Шымкентте 313 бастауыш кәсіподақ ұйымын біріктіретін 7 жергілікті және 8 салалық кәсіподақ ұйымы бар.

«Көптеген адамдар жұмыскерлердің құқықтарын еңбек инспекциясы қорғайды деп ойлайды. Бірақ, еңбек инспекциясының негізгі міндеті – еңбек заңнамасының сақталуын бақылау. Жыл сайын кәсіподақтар әлеуметтік әріптестіктің барлық деңгейіндегі жұмыскерлердің бірқатар маңызды мәселелерін көтеріп келеді», – деді Бауыржан Әлтеев.

«Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС қызметкерлері Кәсіподақтар федерациясының басшылығына алғыстарын білдіріп, қарапайым еңбекшілердің әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын арттыруға бағытталған бастамаларды қолдайтындарын жеткізді.

Айта кету керек, «Су ресурстары – Маркетинг» ЖШС Қазақстандағы үлгілі кәсіпорын және тек біздің елде ғана емес, посткеңестік кеңістіктегі басқа мемлекеттерде де үздіктердің бірі болып саналады. Кәсіпорындағы кәсіподақ ұйымы құрылған күннен бастап жұмыс істеп, жұмыс істеген алғашқы күннен бастап қызметкерлерге еңбек жағдайын жасау, жұмыскерлерді, көпбалалы отбасыларды, сала ардагерлерін, жастарды әлеуметтік қолдау бойынша тиісті шараларды жүзеге асыруда.

 

 

ҚРКФ медиаорталығы