Кәсіподақ мүшелеріне қолайлы болу үшін автобус аялдамаларының саны артты

«Қазхром «ТҰК» акционерлік қоғамы 2019 жылы  зауыт және қала тұрғындарының игілігі үшін 212 миллион теңгеге  8 автобус сатып алынып, Ақтөбе қоғамдық көлік паркіне табысталған болатын. Сол уақыттан бастап  жаңа автобустар 40-шы маршрут бағыты бойынша ақтөбеліктерге мінсіз  қызмет етіп келеді. Cонымен қатар, зауыт жұмыскерлерінің жағдайын жақсарту мақсатында өндіріс аймағында 3 заманауи аялдама бой түзесе, 4-шісі де пайдалануға берілді.

Меморандум аясында сатып алынған «ANKAI» маркалы әрбір автобустың құны 26,5 миллион теңге тұрады. Жаңа көліктер  Батыс-2 шағын ауданынан бастап Ақтөбе ферроқорытпа зауытына дейінгі аралықты қамтып, халықтың алғысына бөленуде. Жанар жағар маймен жүретін автобустар  қыс айларында жылы, жазда арнайы ауа баптағыштарымен қамтамасыз етілген. Кәсіподақ ұйымының белсенділері автобустың уақтылы, белгіленген бағытта  жүру кестесін, қызмет көрсету аясын қадағалап отырады.

Ақтөбе ферроқорытпа зауыты басшылығы және  Еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі бөлім қызметкерлерінің  бастамасымен  зауыт аймағында жаңбырмен жел, аяздан қорғайтын жылы  аялдамалардың қатары көбейіп келеді. Қазіргі таңда зауыт аймағында  3  жылы аялдама, 4-сі орталық өткел маңында бой түзеді. Олар арнайы электр, жылу  жүйесімен және жазда салқындатып тұратын ауа баптағыштармен жабдықталған. Жанға жайлы аялдамаларға  43 миллион теңгеден астам қаражат жұмсалған.

Өндіріс  аймағы  ауқымды болғандықтан зауыттықтар жұмыс орнына жету үшін  арнайы зауыт ішілік автобустар арқылы қатынайды. Ауысымнан шыққан жұмыскерлердің жағдайын жақсарту мақсатында  орталық өткелдің қасындағы, №4 балқыту цех әкімшілік ғимаратының  және қожды қайта өңдеу цех аумағында орналасқан аялдамалар арнайы электр жүйелерімен, отырғыштармен,  тіпті телефонды қуаттауға да мүмкіндік қарастырылған. Іші-сырты корпоративтік түстермен әрленіп, автобустардың жұмыс кестесі де ілінген.

Бір сөзбен айтқанда жұмыскерлердің әлеуметтік жағдайын жақсарту, өндірісте қауіпсіз әрі алаңсыз жұмыс істеуіне барлық  жағдай қарастырылған. Алдағы уақытта да осындай игі шаралар өз жалғасын табады.