Жуырда «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігіне Атырау қалалық білім беру бөліміне қарасты №28 «Алмагүл» бөбекжай-бақшасының қызметкерлерінен ұжымдық арыз түсті. Арызда осы жылдың 3 тамызынан бастап мекеменің ғимаратының «апаттық» деп танылуына байланысты барша қызметкерлердің Атырау қалалық білім бөлімі мемлекеттік мекемесінің №262 бұйрығы негізінде 2023 жылдың 2 қыркүйегінен бастап қысқартылуға жататындығын бөбекжай-бақшасының директоры хабарлағаны айтылған.
Осы арыз негізінде облыстық салалық кәсіподақ ұйымының төрағасы Қылышбай Сүндетұлы қалалық білім бөлім басшысы Айнагүл Дүйсекенованың қабылдауында болды. 9 тамыз күні № 28 «Алмагүл» бөбекжай-бақшасының қызметкерлерімен болған кездесуде орын алған жағдайға байланысты қызметкерлерге жұмыс берушілер тарапынан жұмыс ұсынылатындығы және бос жүрген күндеріне ҚР Еңбек заңнамасына сәйкес еңбек ақылары төленетіндігі қаперге берілді.
Кездесу барысында түскен сұрақтарға облыстық кәсіподақ ұйымының заңгері Юлия Айбосынова мен бөбекжай-бақшасының директоры Баян Мұғауова жауап берді.
Сондай-ақ, жақында «Атырау облысы білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігіне Құрманғазы ауданының Зейнолла Серікқалиұлы атындағы мектеп интернатының бір топ түнгі тәрбиешінің көмекшілері келіп, еңбекақыларының дұрыс төленбейтіндігі, мектеп басшысы тарапынан еңбек құқықтарының бұзылғандығы туралы өтініш берді.
Облыс орталығындағы Кәсіподақтар үйінде болған кездесуде арызданушы тарапқа да тиісті заң аясында кеңес беріліп, аталған мәселенің бақылауда болатындығы түсіндірілді.