LRT құрылысы барысындағы еңбек қауіпсіздігі мәселесі қаралды

Астана қаласының әкімдігінде Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Отырыста Астанада қайта жанданған жеңіл рельсті көлік құралы- LRT-ның құрылысы барысындағы еңбек қауіпсіздігіне және ондағы әлеуметтік-еңбек шиеленісінің орын алмауына назар аудару мәселесі қаралды.

Оған Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов, қалалық еңбек инспекциясының өкілдері, жеңіл рельсті көлік желісі құрылысын салуға қатысушы бас мердігер CREACI компаниясы филиалының директоры Фу Сицзюнь, компанияның қауіпсіздік техникасы жөніндегі мамандары, сондай-ақ қосалқы мердігерлердің өкілдері және басқа да әлеуметік әріптестер қатысты.

Мемлекеттік еңбек инспекторы Ерлан Исмағұлов өндірістік жарақаттануды болдырмау және әлеуметтік шиеленістің алдын алу мақсатында бас мердігерге еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мәселелерін жеке бақылауға алуды, құрылысшыларды жеке қорғаныс киімдерімен қамтамасыз етуді алға тартты.

Аталған құрылысты салуға 700 адам тартылған. Соның ішінде 500-і қытайлық азаматтар, отандық құрылысшылар саны 200 адамды құрайды.

Қазіргі уақытта LRT желісінің барлық учаскелерінде әуежайдан жаңа теміржол вокзалына дейін Қабанбай батыр, Сығанақ, Қалдаяқов және А82 көшелерінде құрылыс-монтаж жұмыстары жүргізілуде.

LRT құрылысы жобасы ай сайынғы қаржыландыру шартымен 2026 жылға дейін екі кезеңде аяқталады деп жоспарлануда.