Медицина қызметкерлерінің мәселелері ортаға салынды

Ақтөбеде «QAZMED» медицина және онымен аралас салалар қызметкерлері салалық кәсіптік одағының көшбасшылары бастауыш ұйым мүшелерімен кездесті.

Кездесу Ақтөбе облыстық санитарлық-эпедимиологиялық бақылау департаменті ұжымының қатысуымен өтті. Онда «QazMed» қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының төрағасы Алиакпар Матишев пен кеңесші Елжан Біртанов және Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы Алтынбек Әмірғалиев медициналық қызметкерлерді әлеуметтік қолдау мәселесі туралы ой бөлісті.

Ақтөбе облысының санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің ұжымымен кездесуде Алиакпар Матишев республикалық салалық келісімде көрсетілген медициналық қызметкерлерге бекітілген кепілдіктер туралы айтты. Және “ҚР кейбір заңнамалық актілеріне денсаулық сақтау мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы” ҚР Парламенті Мәжілісінде қаралатын заң жобасы туралы да хабардар етті.

Кездесу ашық диалог түрінде өтті. Бастауыш кәсіподақ ұйым мүшелері сауалдарын қойып, нақты жауаптарын ала алды.