ҚРКФ төрағасы Кәсіподақтар федерациясының футбол командасымен кездесті

Сәрсенбі, 16 тамызда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақтар федерациясының футбол командасының құрамасындағы «Келешек» жастар кеңесінің мүшелерімен кездесті.

Команда салауатты өмір салтын насихаттау, кәсіподақ ұйымдарының корпоративтік бірлігін нығайту, кәсіподақ қозғалысын кеңінен насихаттау мақсатында Жастар кеңесімен 2021 жылы құрылған. Бүгінде кәсіподақ футболшылары АФЛ чемпионаттарына (Астана футбол лигалары) қатысуда.

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы жас кәсіподақ белсенділерін қарсы ала отырып, кәсіподақ жастарының әлеуеті мен спорттық жетістіктерін жоғары бағалады.

Сатыбалды Дәулеталин жастардың үйлесімді дамуына, олардың кәсіпте, шығармашылықта, дене шынықтыруда, спортта өзін-өзі танытуына жағдай жасаудың маңыздылығын атап өтіп, кәсіподақ қызметін жаңғырту мен реформалау аясында жастармен жұмысты күшейтуге ерекше мән берілгенін еске салды.

«Еңбекші жастар – ел болашағы. Кәсіподақтар федерациясының құрамында Жастар кеңестері жүйесі құрылды. Бүгінгі таңда Кәсіподақтар федерациясы құрамының үштен бірін жастар құрайды, сондықтан біз өз қызметімізді жас қызметкерлердің сұранысын ескере отырып құрудамыз. Кәсіподақтар федерациясы қоғамдық маңызы бар және спорттық шараларға белсенді жастарды тартады. Ал бүгінде бұл тәжірибе шын мәнінде жастар саясаты жүйесін құруға, табысты жұмыс істейтін жастардың имиджін танымал етуге және сіздердің үлгілеріңізбен бұқаралық спортты дамыту идеясын ілгерілетуге мүмкіндік береді», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Бүгінгі таңда Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы жастар қозғалысын халықаралық деңгейде дамытып келеді – ОАЕКК Жастар кеңесі құрылды, жыл сайын ОАЕКК елдерінің ұлттық кәсіподақ орталықтары кәсіподақ командаларының қатысуымен «CTUCA CUP» Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің кубогы үшін футзалдан халықаралық турнирлер өткізіледі.

«Кәсіподақтар салауатты, белсенді өмір салтын және бұқаралық спортты дамытуды әрқашан қолдайды. Турнир Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің кәсіподақ қызметкерлері арасында футзалды насихаттау және дамыту, салауатты өмір салтын насихаттау, аймақ елдерінің кәсіподақ мүшелерін дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде айналысуға тартуға бағытталған. Сондай-ақ, бұл оқиға Орталық Азия елдері кәсіподақтарының мүшелері – бауырлас халықтардың достығының, қолдауы мен ынтымақтастығының жарқын үлгісіне айналды», – деп атап өтті Сатыбалды Дәулеталин.

Кәсіподақтарда бұқаралық спортты одан әрі дамыту жоспарларына тоқталған ҚРКФ басшысы Кәсіподақтар федерациясы Қазақстан, Әзербайжан, Түркия және Өзбекстан ұлттық кәсіподақ орталықтарының қатысуымен ағымдағы жылдың шілде айында құрылған Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымы аясында халықаралық турнирлерді өткізуге бастамашылық етуді көздеп отырғанын атап өтті..

Белсенді жастар еңбекті әлеуметтендіру үшін қолайлы жағдай жасау туралы айта отырып, Кәсіподақтар федерациясының басшылығына жас қызметкерлердің мәселелеріне ерекше көңіл бөлгені үшін, сондай-ақ жұмысшы жастардың спортта да, кәсіби қызметте де дамуына көмектескені үшін алғыстарын білдірді.

Жастар бұқаралық спортты дамыту және еңбекшілердің денсаулығын нығайту арқылы кәсіподақ қозғалысын одан әрі танымал ету туралы ойларымен бөлісті, сондай-ақ, алдағы чемпионаттың жоспарларын талқылады.

Кездесуді қорытындылай келе Сатыбалды Дәулеталин кәсіподақ спортшыларына табыс пен жаңа спорттық жеңістер тіледі.

«Жас кәсіподақ белсенділерінің мақсаттылығы мен еңбекқорлығы жоғары құрметке лайық және барша қазақстандық жастар үшін лайықты үлгі болып табылады», – деп қосты Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы.

Еске салайық, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының футболдан жасөспірімдер құрамасы 2022 жылғы маусымдағы АФЛ 1-лиганың чемпионы, бірінші ОАЕКК футзал турнирінің вице-чемпионы, екінші ОАЕКК чемпионы.

 ҚРКФ медиаорталығы