Ақ халатты абзал жан

Қоғамдағы сұранысқа ие мамандықтардың көшін бастап тұрған ақ халатты абзал жандар. Күндіз-түні тынбай еңбек етіп, көптің жан жарасын емдеуге ат салысып, халықтың алғысына бөленіп жүрген бұл азаматтардың айтары көп.

Адам өмірін ұзартуға септігін тигізіп, ажалдан арашалаушы дәрігер мамандығын халқымыз ежелден қастерлеп, құрметтегендігі баршамызға ақиқат. Бүгінгі таңда Қазақстандықтардың денсаулығын жақсарту – еліміздің мемлекеттік саясатының басым бағыттарының бірі болып саналып, медицина мамандығын таңдаймын деген жандар үшін де барынша жеңілдіктер қарастырылуда. Елімізде денсаулық саласын дамыту, тұрғындарға заман талабына сай, қолжетімді және сапалы медициналық қызмет көрсету жолында бар мүміндіктер жасалуда. Бұл білікті дәрігерлердің де арқасында демекпіз. Бүгінгі біз сөз еткелі отырған кейіпкерімізде өз саласының майталманы атанып, көптің сұранысы мен алғысына ие болып жүрген жан.

Бүгінгі кейіпкеріміз Шымкент қалалық №1 клиникалық аурухананың нейрохирургия, инсульт және нейрореанимация секілді нейрохирургиялық қызметінің жетекшісі, PhD докторы – Медетов Еркін Жұмағұлұлы. Ол 1984 жылғы 7 шілдеде Оңтүстік Қазақстан облысы, Сайрам ауданында дәрігерлердің отбасында дүниеге келген. Кейіпкеріміз бұған дейін Астанадағы Қазақ ұлттық нейрохирургия орталығында 12 жыл қызмет еткен. 2021 жылы Шымкентке оралып, бірден қалалық №1 ауруханаға қызметке қабылданады.

Еркін Жұмағұлұлы мектеп табалдырығын аттаған сәттен бастап, білім мен білікті қатар алып жүріп, 2001 жылы О.А.Жолдасбеков атындағы №9 жаратылыстану-техникалық мектеп-лицейін үздік бітірген түлектердің бірі атанады. Өмір жолына аяқ басып, 2001-2007 жылдар аралығында көне шаһар Түркістан қаласында орналасқан Қ.А.Ясауи атындағы Халықаралық Қазақ-Түрік университетінде «Емдеу ісі» мамандығы бойынша білім алып, үздік дипломмен тәмамдап шығады. Білім жолында сарп етілген жылдар өмірлік азық боларын жақсы түсінген кейіпкеріміз 2007-2008 жылдары аталған жоғары оқу орнында «Хирургия» мамандығы бойынша интернатураны аяқтап шығады. Медицина саласының әрбір бөлігі мен бөлімі бірнеше жылдық білімді қажет ететіндігі сөзсіз. Бұл мамандықты таңдаған сәттен-ақ сабыр мен шыдам, білім мен білік қажет етететіндігін ұмытпаған жөн. Осы тұста Еркін мырза да 2009 жылы Алматы қаласында Алматы мемлекеттік дәрігерлер білімін жетілдіру институтында «Нейрохирургия» мамандығы бойынша алғашқы мамандандыруды оқып шығады. 2010-2014 жылдары Ұлттық Нейрохирургия орталығында «Нейрохирургия және соның ішінде балалар нейрохирургиясы» мамандығы бойынша резидентураны бітіреді. 2014-2015 жылдары Ұлттық онкология және трансплантология орталығында, «Ангиохирургия (рентгенхирургия, интервенциялық хирургия) мамандығы бойынша алғашқы мамандандыру оқып, 2016-2019 жылдары Астана қаласында, Астана медицина университетінде, «медицина» мамандығы бойынша докторантураны бітіріп, бірнеше жылдық оқудың нәтижесінде философия докторы PhD ғылыми дәрежесі атағын иемденеді.

Білікті маман үшін басты жетістік мақтау, мадақтау, алғыс хаттары емес көптің көңілі ауарлықтай пайдалы дүниелерді басылым беттеріне шығару. Еркін Жұмағұлұлының қазіргі таңда Қазақстан және шет ел журналдарының бетінде 50-ден астам ғылыми жұмыстары жарық көрген. Нейрохирургия бойынша Германия, Сингапур, Италия, Франция, Түркия, Қытай, Жапония, Ресей елдерінде өз білімін жетілдірген. Түркияда өткен дүниежүзілік нейрохирургтардың конференциясында және Бельгияда өткен Европа нейрохирургтарының конференциясында докладтар жасаған. Бірнеше патент авторы. Қазақстанда нейрохирургия саласында жаңа технологияларды еңгізуге атсалысқан. Ғылыми проект жобасында «Қазақ популяциясының ми тамырларының аневризмасын генетикалық зерттеу» жұмысын атқарған.

Уақыт көшіне қарай медицина дамыған сайын дәрігерлерге артылатын салмақта арта түсіп келеді. Тәжірибе жүзінде жүктелген міндетті орынды орындап жүрген ел азаматы Еркін Жұмағұлұлы отбасында да үлгілі әке, бір үйге тірек болып отырған отағасы. Зайыбы Гүлдана Әбдіхадырқызымен бірге қос қарлығаш екі қыз, атұстар екі ұл өсіріп отырған жайлары бар.