Спорт күні қарсаңында салалық кәсіподақ өкілдері марапатталды

Жамбыл облысында спорт саласы кең қолдауға ие. Спорттың дамуына бұқаралық спорт қозғалысын кеңейтуге, спорттағы жетістіктерді ынталандыруға жағдай жасалған.

Жамбыл облысының спорт саңлақтары қашанда үздіктер қатарынан көрініп келеді. Кеңес дәуірінде облыс атағын дүрілдеткен Жақсылық Үшкемпіров, Серік Қонақбаевтан бастап Ермахан Ибраев, Ислам Байрамуков, Ақжүрек Таңатаров, Бақтияр Артаев, Бейбіт Ыстыбаев, Елдос Сметов, Зульфия Габидуллина, Гузалия Гафурова сияқты спортшыларымыздың ізін басып келе жатқан жастарымызда аз емес. Бүгінде, олардың қатарындағы Ғалымжан Қырықбай – қазақ күресінен ХІ «Қазақстан барысы» республикалық турнирінің қола жүлдегері, Жұмағали Нұрдаулет – пара жүзуден Әлем чемпионатының күміс жүлдегері, Искра Айбек – пара жүзуден Әлем Кубогының қола жүлдегері, Ерғали Әлішер – еркін күрестен Азия чемпионы, Смайлов Данияр – аударыспақтан Әлем чемпионы, Дүйсенов Дулат – кикбоксингтен Әлем Кубогының иегері, Қалжан Рахат – еркін күрестен Азия чемпионатының күміс жүлдегері, Шамшаев Данияр – дзюдодан Азия чемпионы атанды.

Спорт саңлақтарының бұл жетістіктері жас өскелең буынға үлгі. Осындай, спорт саласының жетістіктерін паш ететін кітаптарда аз емес. «Қазақ балуандары», «Қазақ боксшылары» деректі-тарихи жинақтары, «Казахстан спортивный» энциклопедиясы мен екі томдық «Қазақ олимпиадашылары» жинағы және белгілі қаламгер Несіп Жүнісбайұлының бірнеше томнан тұратын «Олимпийский маршрут» кітабы жарық көрді және «Қазақтың 72 бапкері» атты кітабында ел спортының талай-талай шежіресі мен дерегі бар.

Жамбыл облысында салауатты өмір салтын насихаттау, тұрғындардың спортпен тұрақты түрде айналысуына бағытталған маңызды шаралар атқарылып келеді. Соның ішінде, жыл сайын Қазақстанда тамыздың үшінші жексенбісінде аталып өтетін «Спорт күні» мерекесіне орай «Қазақстандық салалық мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағы» қоғамдық бірлестігінің Жамбыл облыстық филиалы тарапынан да аранай марапаттау жиыны өтті.

Салтанатты жиынды салалық кәсіподақ филиалының төрағасы Д.Бықыбаев ашып, жиналған спортшыларды кәсіби мерекесімен құттықтады.

«Ел болашағы, ұлт келешегі жастарымыздың дені сау, ұлтжанды азамат болып өсуіне спорттың үлесі мол және Қазақстаның көк туын желбіретіп, бүкіл әлемге танытып жүрген – спортшылармен мәдениет қызметкерлері» – деді ол өз сөзінде.

Жиынға Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасынан және Жамбыл облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінң өкілі қатысып, спортшылардың еңбектерін атап құттықтады.


Жиынның соңында спортшылар Жамбыл облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің Құрмет грамотасы мен Жамбыл облыстық салалық кәсіподақтың Құрмет грамотасы, Алғыс хаттармен марапатталды.

Сондай-ақ, кәсіподақтың жоғарғы наградасы Республикалық кәсіподақ бірлестігінің «Еңбек даңқы» медалімен Т.Рыскулов ауданының № 24 БЖСМ Бокс бөлімінің жаттықтырушысы Құрмантаев Есдәулет Жайлауұлы, Орталық стадион коммуналдық мемлекеттік мекемесінің инженері Юрьев Юрий Викторович, № 3 ОМБЖСМ жаттықтырушы, Мухамедгалиев Руслан Махмутович, Дене мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған спорт клубы» спорт бөлімінің басшысы Куанышбаев Мухан Тургунбекович марапатталды.