Шымкентте құрылысшылар құрметке бөленді

Тамыз айының екінші жексенбісінде ең жасампаз да игі кәсіптің қызметкерлері – Қазақстан құрылысшылары өз кәсіби мерекелерін тойлайды. Осы тамаша мерекенің құрметіне «Шымкент қаласы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек өңірдегі Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қалалық филиалының құрамындағы «Ақ Ордасы» корпорациясының сала үздіктерін құттықтады. Кәсіби мереке – адамдарды қажырлы еңбегі үшін марапаттау үшін жақсы оқиға. АКБ төрағасының орынбасары Жарқынбек Құрманбек сала ардагерлері мен озаттарын кәсіби мерекелерімен құттықтап, оларға кәсіби шеберліктері, жауапкершілігі және жасампаз еңбектері үшін алғыс білдірді.

Сондай-ақ, құрылыс саласының қарқындауына үлес қосып, шаһар экономикасын алға жылжытуда еселі еңбек етіп жүрген жерлестерге Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласы қызметкерлерінің салалық кәсіподағы қалалық филиалының төрағасы Абдурайра Манаховтың атынан 4 қызметкерге Алғыс хаттар табыс етілді.

Айта кетейік, «Ақ Ордасы» корпорациясы – ірі тұрғын үй алаптары мен әр түрлі мақсаттағы салу мен жөндеу жұмыстарын жүзеге асыра отырып, оңтүстік өңірін дамытуға белсенді атсалысып отырған көпсалалы, жетекші құрылыс компаниясы. Корпорация өзінің көпжылдық қызметі уақытында 412 мың шаршы метрден астам тұрғын үй, әлеуметтік және коммерциялық жылжымайтын мүліктерді пайдалануға берді. Жалпы алғанда, компания барлық мақсаттағы 100-ден астам жобаны жүзеге асырды. Қазіргі уақытта корпорацияның құрамына көптеген құрылымдық бөлімшелер мен еншілес ұйымдар кіреді, соның арқасында бүгінде компания қабырғасында 3 мыңға жуық адам жұмыс жасайды.