Қазақстан Кәсіподақтар федерациясы «Қазақстан» шахтасындағы қайғылы оқиғаға орай мәлімдеме жасады.
«Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы 2023 жылғы 17 тамызда «Қазақстан» шахтасында кеншілердің қаза болуына байланысты үлкен өкініш білдіреді және қайтыс болғандардың отбасылары мен әріптестеріне көңіл айтады. Кәсіподақтар қаза тапқан және зардап шеккен кеншілердің отбасыларына материалдық және басқа да қажетті көмек көрсетеді. Зардап шеккен кеншілердің тезірек сауығып кетуін тілейміз. Біз елдегі еңбек қауіпсіздігі мәселесі өте өткір күйінде қалып отырғанын және жазатайым оқиғалар динамикасының нақты төмендеу тенденциясының жоқтығын үлкен өкінішпен айтуға мәжбүрміз. Жыл сайын өндірісте мыңнан астам жазатайым оқиға тіркеліп, 200-ге жуық адам көз жұмады», – делінген мәлімдемеде.
Кәсіподақтар «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында адамдардың өмірін қиған қайғылы оқиғалардың қайталану фактілеріне қатты алаңдаулы. Бұл ретте шетелдік инвестордың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын елемеуі басты себептердің бірі болып отыр. Әзірге «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында бұрын болған қайғылы оқиғаларға кінәлілерді жауапкершілікке тарту шаралары бойынша нәтижелер жарияланған жоқ. Әлі де белгісіз себептермен тергеу созылуда, бұл ретте адамдардың өліміне әкеп соқтырған жазатайым оқиғалардың орын алуына жол берген шетелдік басшылардың жауапқа тартылатыны анық емес.
«Бүгінде қоғамда біздің заңдарды сақтап, өз міндеттемелерін орындауға ұмтылмайтын «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының меншік иесін ауыстырудың орындылығы туралы мәселенің көтерілуі әділетті. Кәсіподақтар федерациясы, ең алдымен, еңбеккерлердің мүддесін көздей отырып, бұл мәселе бойынша қолданыстағы заңнамаға негізделген шешім қабылдауды қолдайды. Қайғылы оқиға тағы да барлық салаларға тән еңбек қауіпсіздігінің жүйелі проблемаларын ашық көрсетті. Проблемалар көп жағдайда жұмыс берушілердің жауапсыздығына, бизнеске реттеушілік жүктемені азайту саясатына және еңбекті қорғауға мемлекеттік бақылаудың осалдығына, сондай-ақ, жұмыс берушілерді еңбеккерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға ынталандыратын құралдардың жоқтығына байланысты. Азаматтарымыздың өмірін қиған оқиға бізді Кәсіподақтар федерациясы бірнеше жылдан бері қол жеткізуге талпынып келе жатқан қажетті іс-шараларды қабылдауға назар аударуға мәжбүр етеді», – деп атап өтеді федерациядан.
Осыған орай федерация бірқатар іс-шараны қабылдауды ұсынады.
Атап айтқанда, біріншіден, тау-кен құрал-жабдықтарын жаңартуға тез арада кірісіп, үздіксіз материалдық-техникалық жабдықтауды қамтамасыз ету қажет. Өндірісті жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу – еліміздің барлық саласының алдында тұрған ең маңызды мәселе. Көптеген кәсіпорындардың негізгі қорларының тозу дәрежесі критикалық деңгейде.
Екіншіден, апатты жағдайларды азайту, көмір өнеркәсібі еңбеккерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында Үкіметке қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, еңбек жағдайларын одан әрі жақсартуды қамтамасыз ету, тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігін арттыру және апатты жағдайларды азайту жөніндегі Бағдарламаны әзірлеу қажет.
Үшіншіден, тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігін арттыруға, көмір өнеркәсібіндегі апатты жағдайлар және жарақат алуларды азайтуға, сондай-ақ, әскерилендірілген апатты-құтқару бөлімшелерінің толыққанды әзірлігін арттыруға көмектесетін, тау-кен жұмыстарында персоналды диспетчерлік орналастыруды бақылау, апатты жағдай кезінде еңбеккерлерді анықтаудың цифрлық жүйелерін дамыту саласында көмір компаниялары мен бақылаушы органдардың электронды өзара іс-қимыл жүйесін әзірлеу керек.
Төртіншіден, өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайын анықтау мақсатында технологиялық процестердің параметрлерінің мәндері туралы ақпаратты жинауды, бекітуді, жүйелеуді автоматты түрде қалыптастыруды және бағалауды қарастыратын өнеркәсіптік қауіпсіздік жай-күйін мемлекеттік қашықтықтан бақылау жүйесін енгізу қажет.
Бесіншіден, қауіпті өнеркәсіптердегі еңбекке ақы төлеу жүйесінде өндірілген өнімнен жалақыны байланыстыруды алып тастау қажет. Жоспарлы өндірістік көрсеткіштерге көз жұма ұмтылу емес, еңбек қауіпсіздігі басым болуы тиіс.
Алтыншыдан, бүгінгі таңда күрделі мәселе – кадр тапшылығы. Жұмыскерлер санының нормативтерін міндетті түрде кәсіпорын еңбеккерлерінің өкілдерімен келісе отырып, бекіту қажет. Бекітілген нормативтерді сақтамағаны үшін жауапкершілікті күшейту керек. Сонымен қатар, негізгі позицияларда өндірістің нақты қажеттіліктерін жеткілікті түсінбейтін шетел мамандарының болуы алаңдатады, себебі, азаматтарымыздың қауіпсіз еңбек етуі осы позицияларға тікелей байланысты.
Жетіншіден, мемлекеттік бақылау және қадағалау шараларын күшейту және Еңбек пен Кәсіпкерлік кодекстерінде көзделген мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметінде бар шектеулерді алып тастау қажет. Сондай-ақ, Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстары мен стандарттарына сәйкес мемлекеттік инспекторлар санын арттыру және мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тікелей бағыныстылығына беру қажет.
Сегізіншіден, зейнеткерлік жасты төмендету және жұмыскерлердің денсаулығына келтірілген зиянды лайықты өтеуді қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Кеншілердің жұмысы ең қиын және қауіпті болған және сондай болып қала береді, сондықтан, олар өндірісте қайтыс болған және денсаулығынан айырылғандардың қайғылы тізімінде көш бастап тұр. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін кәсіби еңбек қабілетін жоғалтқан тұлғаларға лайықты, сәйкесті төлемді қамтамасыз ету мәселелері шешілген жоқ.
«Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестерді: қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы заңнама нормаларын мүлтіксіз және толық көлемде жүзеге асыруға; әлеуметтік әріптестік тетігін пайдалана отырып, ұлттық еңбек мәдениетін қалыптастыруға, кәсіпорындар мен ұйымдарда жазатайым оқиғалардың алдын алу және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жан-жақты жәрдемдесуге; Қазақстан еңбеккерлерінің салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларына құқығын қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар қабылдауға шақырады. Кәсіподақтар федерациясының нақты ұстанымы – барлық көрсетілген мәселелер шұғыл түрде шешілуі тиіс, өйткені, бұл біздің еліміздегі миллиондаған еңбеккердің өмірін сақтап қалуға тікелей байланысты», – делінген мәлімдемеде.