kz.kursiv.media: “ҚР Кәсіподақтар федерациясы «Қазақстан» шахтасындағы қайғылы жағдайға байланысты мәлімдеме жасады”

Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясы 2023 жылғы 17 тамызда «Қазақстан» шахтасында қаза тапқандардың отбасы мен әріптестеріне көңіл айтты. Кәсіподақтар федерациясы қаза тапқан және зардап шеккен кеншілердің отбасына материалдық және өзге де қажетті көмек көрсететітінің мәлімдеді.

«Біз елдегі еңбек қауіпсіздігі мәселесі өте өткір күйінде қалып отырғанын және жазатайым оқиғалар динамикасының нақты төмендеу тенденциясының жоқтығын үлкен өкінішпен айтуға мәжбүрміз. Жыл сайын өндірісте мыңнан астам жазатайым оқиға тіркеліп, 200-ге жуық адам көз жұмады.

Кәсіподақтар «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында адамдардың өмірін қиған қайғылы оқиғалардың қайталану фактілеріне қатты алаңдаулы. Бұл ретте шетелдік инвестордың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын елемеуі басты себептердің бірі болып табылады. Әзірге «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында бұрын болған қайғылы оқиғаларға кінәлілерді жауапкершілікке тарту шаралары бойынша нәтижелер жарияланған жоқ. Әлі де белгісіз себептермен тергеу созылуда, бұл ретте адамдардың өліміне әкеп соқтырған жазатайым оқиғалардың орын алуына жол берген шетелдік басшылардың жауапқа тартылатыны анық емес»-делінген мәлімдемеде.

«Бүгінде қоғамда біздің заңдарды сақтап, өз міндеттемелерін орындауға ұмтылмайтын «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының иесін ауыстырудың орындылығы туралы мәселенің көтерілуі заңды. Кәсіподақтар федерациясы, ең алдымен, еңбеккерлердің мүддесін көздей отырып, бұл мәселе бойынша қолданыстағы заңнама аясында салмақты, негізді шешім қабылдауды қолдайды.

Қайғылы оқиға тағы да барлық салаларға тән еңбек қауіпсіздігінің жүйелі проблемаларын әшкереледі. Проблемалар көп жағдайда жұмыс берушілердің жауапсыздығына, бизнеске реттеуші жүктемені азайту саясатына және еңбекті қорғауға мемлекеттік бақылауды қысқартуға, сондай-ақ, жұмыс берушілерді еңбеккерлердің еңбек жағдайларын жақсартуға ынталандыратын құралдардың жоқтығына байланысты.

Азаматтарымыздың өмірін қиған оқиға бізді Кәсіподақтар федерациясы бірнеше жылдан бері қол жеткізуге тырысып келе жатқан қажетті шараларды қабылдауға назар аударуға мәжбүр етеді»-деді ҚР Кәсіподақтар федерациясы.

Біріншіден. Тау-кен құрал-жабдықтарын дереу жаңартып, үздіксіз материалдық-техникалық жарақтандыруды қамтамасыз ету қажет. Өндірісті жаңғырту және жаңа технологияларды енгізу – еліміздің барлық саласының алдында тұрған ең маңызды мәселе. Көптеген кәсіпорындардың негізгі қорларының тозу дәрежесі шекті деңгейде.

Екіншіден. Апатты жағдайларды азайту, көмір өнеркәсібі еңбеккерлерінің өмірі мен денсаулығын сақтау мақсатында Үкіметке қоғамдық ұйымдармен бірлесіп, еңбек жағдайларын одан әрі жақсартуды қамтамасыз ету, тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігін арттыру және апатты жағдайларды азайту жөніндегі Бағдарламаны әзірлеу қажет.

Үшіншіден. Тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігін арттыруға, көмір өнеркәсібіндегі апатты жағдайлар және жарақат алуларды азайтуға, сондай-ақ, әскерилендірілген тау-кен құтқару, апатты-құтқару бөлімшелерінің толыққанды әзірлігін сақтауға көмектесетін, тау-кен жұмыстарында персоналды диспетчерлік орналастыруды бақылау, апатты жағдай кезінде еңбеккерлерді анықтаудың цифрлық жүйелерін дамыту саласында көмір компаниялары мен бақылаушы органдардың электронды өзара іс-қимыл жүйесін әзірлеу керек.

Төртіншіден. Өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайын анықтау мақсатында технологиялық процестердің параметрлерінің мәндері туралы ақпаратты автоматты жинауды, бекітуді, жалпылауды, жүйелеуді және бағалауды қарастыратын өнеркәсіптік қауіпсіздік жай-күйін мемлекеттік қашықтықтан бақылау жүйесін енгізу қажет.

Бесіншіден. Қауіпті өнеркәсіптердегі еңбекке ақы төлеу жүйесінде өндірілген өнімнен жалақыны байланыстыруды алып тастау қажет. Жоспарлы өндірістік көрсеткіштерге шектеусіз ұмтылу емес, еңбек қауіпсіздігі басым болуы тиіс.

Алтыншыдан. Бүгінгі таңда күрделі мәселе – кадр тапшылығы. Жұмыскерлер санының нормативтері міндетті түрде кәсіпорын еңбеккерлерінің өкілдерімен келісілген болуы қажет. Бекітілген нормативтерді сақтамағаны үшін жауапкершілікті күшейту керек. Сонымен қатар, негізгі позицияларда өндірістің нақты қажеттіліктерін жеткілікті түсінбейтін шетелдіктердің болуы алаңдатады, себебі, азаматтарымыздың қауіпсіз еңбек етуі осы позицияларға тікелей байланысты.

Жетіншіден. Мемлекеттік бақылау және қадағалау шараларын күшейту және Еңбек пен Кәсіпкерлік кодекстерінде көзделген мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметінде бар шектеулерді жою қажет. Сондай-ақ, Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстары мен стандарттарына сәйкес мемлекеттік инспекторлар санын арттыру және мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тікелей бағыныстылығына беру қажет.

Сегізіншіден. Зейнеткерлік жасты төмендету және жұмыскерлердің денсаулығына келтірілген зиянды лайықты өтеуді қамтамасыз ету мәселесін шешу қажет. Кеншілердің жұмысы ең қиын және қауіпті болған және сондай болып қала береді, сондықтан, олар өндірісте қайтыс болған және денсаулығынан айырылғандардың қайғылы тізімінде көш бастап тұр. Сонымен қатар, бүгінгі күнге дейін кәсіби еңбек қабілетін жоғалтқан тұлғаларға лайықты, барабар төлемді қамтамасыз ету мәселелері шешілген жоқ.

Кәсіподақтар федерациясы әлеуметтік әріптестерді:

− қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы заңнама нормаларын мүлтіксіз және толық көлемде жүзеге асыруға;

− әлеуметтік әріптестік тетігін пайдалана отырып, ұлттық еңбек мәдениетін қалыптастыруға, кәсіпорындар мен ұйымдарда жазатайым оқиғалардың алдын алу және еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз етуге жан-жақты жәрдемдесуге;

− Қазақстан еңбеккерлерінің салауатты және қауіпсіз еңбек жағдайларына құқығын қамтамасыз ету үшін жүйелі шаралар қабылдауға шақырады.

Кәсіподақтар федерациясы өзінің нақты ұстанымын мәлімдейді – барлық көрсетілген мәселелер шұғыл түрде шешілуі тиіс, өйткені, бұл – біздің еліміздегі миллиондаған еңбеккердің өмірін сақтап қалу мәселесі.

https://kz.kursiv.media/kk/2023-08-18/qr-kaesipodaqtar-federacziyasy-qazaqstan-shahtasyndaghy-qajghyly-zhaghdajgha-bajlanysty-maelimdeme-zhasady/