Әлеуметтік саланың білікті маманы

Қантарбаева Қарлығаш Боранбекқызы 1981 жылғы 20 желтоқсан күні Ақмола облысы, Целиноград ауданы, Қабанбай батыр ауылында дүниеге келген. 2007 жылы С.Сейфуллин атындагы Қазақ аграрлық университетін «Кәсіптік оқыту» мамандығы бойынша бітірді. 2015 жылы «Қазтұтынуодағының» Қарағанды экономикалық университетін «Есеп және аудит» мамандығы бойынша тәмамдады.

Еңбек жолын 2007 жылы Астана қаласы әкімдігінің «Белгілі тұрағы жоқ адамдарға арналған әлеуметтік бейімдеу орталығы» ММ-де бастаған. Әртүрлі лауазымдарды атқарған: инспектор, экономист. 2012 жылдың тамыз айынан бастап бас есепші лауазымына тағайындалды.

Қарлығаш Боранбекқызы 16 жылдан бері Орталықтың әлеуметтік және экономикалық дамуына елеулі үлес қосып, абыроймен еңбек етуде және кәсіподақ мүшесі ретінде қоғамдық жұмыстарға белсене араласады. Ол қызмет барысында өзінің алдына қойған мақсатқа талпынушылығын, еңбекқорлығын, жұмысты ұқыпты ұйымдастыру және орындауының арқасында өзін білікті маман ретінде көрсетіп келеді. Мінезі байсалды, шыдамды. Әрқашан білімін арттырып, жүктелген міндеттерді тиімді орындап, жауапкершілікпен атқарғанының арқасында ұжымда құрметке ие.

Осы уақыт ішінде еңбегі еленіп, алған марапаттары да аз емес. 2013 жылы қала әкімінің атынан «Алғыс хатпен», 2016 жылы Денсаулық сақтау және әлеуметтік дамыту министрлігінің «Құрмет грамотасымен» және «Астана қаласының Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы» ММ-нің басшысы атынан «Алғыс хатпен» марапатталды. Ал 2019 жылы Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің «Әлеуметтік-еңбек саласының үздігі» төсбелгісі және ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың қолы қойылған «Халық алғысы» медаліне ие болды.