Еңбек жағдайы – ең маңызды мәселе

Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтың төрағалығымен Әлеуметтік әріптестік жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысы өтті.

Бұл жолы комиссия отырысына өңірдегі барлық салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары, тиісті жергілікті басқарма басшылары, барлық аудан әкімдері мен өндірістік жарқаттар көп орын алған бірқатар өндіріс ұйымдарының басшылары қатысты.

Жиында еңбек қауіпсіздігінің сақталуы, еңбек қатынастарын реттеу, жалақыны уақтылы төлеу, лайықты еңбек жағдайларын жасау, еңбек адамының құқығы мен мүддесін қорғау және аймақтағы салалық кәсіподақ ұйымдарының атқарған жұмыстары бойынша бірқатар мәселелер қаралды.

Комиссия отырысында алғашқы болып сөз алған Жамбыл облысы әкімдігінің Еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Жарылқасын Айтақов облыстағы еңбек жағдайының ахуалына тоқталды. Басқарма басшысының мәліметтері бойынша әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі қалалық және аудандық үшжақты комиссияның 59 отырысы өтіп, онда 1227 жұмыскердің құқығы қорғалған. Биыл жыл басынан бері жазатайым оқиғалар саны 29 жағдайды құрап, онда зардап шеккендер саны 34 адамға жеткен. Мерт болғандар саны 4 адамды құрап отыр.

Айтылған ақпаратқа байланысты өңірде жазатайым оқиғалар орын алған ірі өндірістік кәсіпорын басшыларының есептері тыңдалды. Отырысқа арнайы шақыртылған «Қазфосфат» ЖШС-нің басшылығы өндірістік жарақаттың алдын алу мақсатында еңбек қауіпсіздігіне жауапты мамандардың санын арттырып, еңбек қауіпсіздігі мәселесіне жете назар аударып жатқанын алға тартты. Сонымен қатар, кәсіпорын «Vision Zero» нөлдік жарақат концепциясына қосылғанын да жеткізді.

Сол сияқты «Жамбыл электр желілері» ЖШС және басқа да кәсіпорын басшылары жұмысшыларының еңбек қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында атқарып жатқан жұмыстары бойынша есептерін айтты.

Бүгінгі күнге Жамбыл облысы бойынша 16 кәсіпорында «Vision Zero» нөлдік жарақат концепциясы, 13 кәсіпорында «Халықтық  бақылау» жобалары енгізілсе, 108 кәсіпорында еңбек қауіпсіздігіне қатысты халықаралық стандарттар енгізілген.

Кездесуде сөз алған облыстық кәсіподақтар орталығының төрағасы Бағлан Қарашолақов аймақтағы кәсіподақ ұйымдарының қазіргі жай-күйі мен атқарып отырған жұмыстарын жан-жақты айтып берді.

Облыстық кәсіподақ орталығы төрағасының ақпараты бойынша жыл басынан бері облыстық кәсіподақ ұйымдары өз мүшелерінен түскен жұмыс берушіге қатысты 6485 арыз-өтінішті қарап, құқықтық кеңестер берген. Кәсіподақ заңгерлерімен еліміздің еңбек заңнамасы негіздерін түсіндіру бойынша 593 құқықтық оқыту семинары мен лекция өткізілген. Мемлекеттік органдарда, түрлі сатыдағы соттарда кәсіподақ мүшелеріне 7 өкілеттілік көмек көрсетілген. Кәсіподақ мүшелеріне жеңілдікпен емдеу шипажайларына 2359 жолдама берілген. Сол сияқты кәсіподақ мүшелерінің балаларына жазғы демалысқа 669 жолдама берілген. Кәсіподақ ұйымдары жыл басынан бері 60 мәдени-көпшілік, спорттық іс-шара өткізіп, онда қамтылған кәсіподақ мүшелерінің саны 5696 адамды құраған.

«Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінде Үйлестіру кеңесі жұмыс атқарады, барлық салалық кәсіподақ ұйымдарының басшылары – Үйлестіру кеңесінің мүшелері. Кеңес отырысында ҚР Кәсіподақтар федерациясының тапсырмаларының орындалу барысы, жаңа бастауыш кәсіподақ ұйымдарын құру жұмыстары, мүше ұйымдарда жалақы қарыздарына жол бермеу, өндірістік жарақаттың алдын алу, салалық кәсіподақ ұйымдарының атқарған жұмыстарын қарау, республикалық «Парыз» және «Еңбек жолы» конкурстарына қатысу, кәсіподақ ұйымдарының жұмыстарын БАҚ құралдарында жариялап отыру сынды мәселелер қаралады», – деді Бағлан Қарашолақов.

Сонымен қатар, кәсіподақ төрағасы еңбек дауларының алдын алу және еңбек ұжымдарындағы көтерілген әлеуметтік мәселелерді оңтайлы шешу мақсатында әлеуметтік әріптестермен бірлесіп, облыстағы кәсіподақ ұйымы жоқ кәсіпорындар мен мекемелерде жаңадан кәсіподақ ұйымдарын құру қажеттігі жөнінде ұсынысын комиссия төрағасының назарына жеткізді.

Сондай-ақ, жиында Жамбыл облысы оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің жергілікті кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Жамбыл облыстық ұйымының бүгінде атқарып отырған жұмыстары туралы баяндама айтып, бірқатар түйткілді мәселелерге тоқталды. Оның айтуынша, білім бөлімдеріндегі есепші мамандардың жалақы мөлшерінің аз болуына байланысты қазіргі уақытта есепші мамандар тапшы болуда. Сол сияқты жеке меншік балабақшаларда кәсіподақ ұйымын құру жұмыстарына қатысты өз ойын айтып, басқа да өзекті мәселелерді қозғады.

Басқосуда мәдениет, спорт, туризм және ақпарат қызметкерлерінің салалық кәсіподағының Жамбыл облыстық филиалының  төрағасы Дүйсенәлі Бықыбаев мәдениет және спорт саласындағы кәсіподақ ұйымының атқарып отырған жұмыстарын жан-жақ айта келе, осы саладағы мәдениет, архив, мұражай қызметкерлерінің жалақысын арттыру мәселесін ортаға салды.

Комиссия отырысын қорытындылаған облыс әкімі Нұржан Нұржігітов  әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеуге бағытталған осындай үшжақты комиссия отырысының маңыздылығын ескере отырып, отырыста көтерілген барлық мәселелер мен ұсыныстар бойынша комиссия мүшелеріне және барлық аудан әкімдері мен тиісті басқармаларға хаттамалық тапсырма беріп, бірқатар міндеттерді жүктеді.