Түркістан қаласында тамыз кеңесі өткізілді

Қазақстан Республикасының Оқу-ағарту министрлігі тарапынан Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмалары аясында білім саласындағы өзекті 20 тақырыптық бағыт бойынша еліміздің әрбір өңірінде республикалық тамыз кеңесі ұйымдастырылады. Яғни бір өңір – бір бағыт аясында әр аймақ әр алуан тақырыптар мен білім саласының проблемаларын ортаға салады.

Осыған орай 2023 жылдың 24-25 тамыз күндері Түркістан қаласында білім беру саласы қызметкерлерінің «Әділетті Қазақстан: сапалы білім, адал ұрпақ, табысты ұлт» республикалық тамыз кеңесі Ұлттық құндылықтарға негізделген тәрбие тақырыбында ұйымдастырылды.

Аталған республикалық тамыз кеңесіне еліміздің өзге өңірлерінен 400-ге жуық делегат пен білім саласының тәрбие бағытына жауапты мамандар келді.

Жиын барысында ҚР Президенті Әкімшілігі және Үкіметі тарапынан білім беру ұйымдарында қауіпсіздік талаптарының сақталуын, білім саласындағы құқық бұзушылықтың алдын-алу және жаңа оқу жылына дайындыққа қатысты бірқатар тапсырмаларды ортаға салды.

Сондай-ақ осынау іс-шара барысында Оқу-ағарту министрлігінің өкілі Меруерт Медетбекова өңірдегі ардагер ұстаздар мен бірқатар білім беру ісіне зор үлес қосып, ерекше еңбек еткен білім саласының қызметкерлерін марапаттады.

Солардың қатарында «Қазақстандық салалық білім және ғылым қызметкерлері кәсіптік одағының Түркістан облыстық ұйымы» қоғамдық бірлестігіне қарасты Түркістан қаласы Ататүрік атындағы N17 мектеп-гимназиясының ардагер ұстазы Райхан Құттыбаева “Еңбек ардагері” медалімен марапатталса, Түркістан қаласы Хамза атындағы N2 жалпы орта мектебінің өзбек тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, ұлағатты ұстаз Гульбахор Юлдашеваға Қазақстан Республикасының Оқу ағарту министрлігінің “Орта білім беру ісінің үздігі ” Құрмет дипломы табыс етілді.