Бір күн бұрын Қарағандыда Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы, Әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі республикалық үшжақты комиссияның мүшесі Сатыбалды Дәулеталин Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаевтың төрағалығымен өткен облыстық үшжақты комиссияның отырысына қатысты. Жиын 17 тамызда «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаментінің «Қазақстан» шахтасында қаза тапқан кеншілерді бір минут үнсіздікпен еске алумен басталды.
Күн тәртібіндегі басты мәселе – тау-кен металлургия өнеркәсібі кәсіпорындарында озық технологияларды енгізуді ескере отырып, негізгі қорларды кезең-кезеңмен жаңартуды жүзеге асыру жоспарының орындалу барысы. Алайда, негізгі талқылау тақырыбы өндіріс орындары мен шахталық жабдықтарды жаңғыртуға байланысты шешілмеген мәселелердің нәтижесінде туындаған «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-дағы қауіпсіздік мәселелері болды.
«Баршаңызға белгілі, өнеркәсіпті заманауи техникамен, қосалқы бөлшектермен және материалдармен қамтамасыз ету мәселесі кеншілер ұжымының басты талаптарының бірі болды. Жабдықтардың уақтылы жаңартылмауына байланысты облыстың тау-кен металлургия кешеніне қарасты кәсіпорындарда жарақат алудың ең жоғары деңгейі және еңбек жағдайлары зиянды өндірістердің болуы байқалады», – деді облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев.
Қарағанды облысы әкімдігінің өнеркәсіп, индустриялық-инновациялық даму басқармасының өкілі Қайрат Шорманбаев пен Өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің тау-кен өнеркәсібіндегі мемлекеттік бақылау және қадағалау бөлімінің өкілі Ерболат Шортанбаевтың баяндамалары облыстағы тау-кен өнеркәсібі кәсіпорындарындағы қауіпсіз еңбекті қамтамасыз ету шаралары толық көлемде орындалмай отырғандығын тағы бір көрсетті.
Спикерлер айтқан ақпаратқа сәйкес, ағымдағы жылдың жеті айында кәсіпорындарды, оның ішінде, «АрселорМиттал Теміртау» АҚ тексеру нәтижесінде өнеркәсіптік қауіпсіздіктің 1300-ден астам бұзушылықтары анықталды.
Өз кезегінде «АрселорМиттал Теміртау» АҚ басшылығының өкілі, кәсіпорынның техникалық директоры Андрей Белый кездесуге қатысушылардың кеніштердің заманауи қондырғылармен уақтылы жаңартылмағаны туралы сұрақтарына жауап бере отырып, «жұмыскерлердің қауіпсіздігін қамтамасыз ететін 25 заманауи қазба жұмыстарын жүргізетін комбайн алынған, оның 11-і жұмыс істеп тұр. Осы жылдың соңына дейін қалған комбайндар жұмысқа тартылатындығы туралы» баяндады.
Айта кету керек, «АрселорМиттал Теміртау» өкілінің деректері Қарағанды облысы әкімдігінің өнеркәсіп, индустриалды-инновациялық даму басқармасы айтқан ақпаратпен сәйкес келмеді – олар жұмыс істеп тұрған 9 комбайнды санады.
Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин осыған назар аударды.
«Жаңа комбайндарды іске қосу туралы мәліметтер неге әртүрлі? Шамасы, «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының топ-менеджерлері математиканы да онша жақсы білмейтін сияқты. Шахтада жұмыскерлер бұл 25 комбайнның Қарағанды көмір бассейнінің қабаттарында көмір өндіруге жарамсыз екенін айтты. Кеншілер комбайндардың біздің шахталардың ерекшелігіне сәйкес келмейтінін атап өтеді. Тағы бір мәселе – позициялау жүйелерін орнату туралы. Олар қазір «Қазақстан» және «Күзембаев» шахталарында орнатылған. Позициялау жүйесі кеншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз етудегі ең маңыздылардың бірі екенін ескерсек, мұндай позициялау жүйелері неліктен барлық шахталарда бір мезгілде орнатылмайды деген сұрақ туындайды», – деді Сатыбалды Дәулеталин.
Тақырыпты жалғастырған ҚРКФ басшысы құзыретіне қазақстандық кеніштерді жаңғырту мәселесі кіретін шетелдік мамандар шындықты білмейтінін және өндірісті жаңғырту мәселелерін шешуге отандық мамандарды тартпайтынын атап өтті.
Сатыбалды Дәулеталин өз сөзінде Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының жалпы тау-кен өнеркәсібіндегі қауіпсіздік мәселелерін кешенді шешуге қатысты ұстанымын нақты атап өтті. Оның айтуынша, соңғы онжылдықта көмір өнеркәсібінде экологиялық және әлеуметтік проблемаларды қамтитын мәселелер аясының айтарлықтай ұлғаюы байқалды. Бұл мәселелерді шешу саланың және әрбір кәсіпорынның тұрақты даму тұжырымдамасымен тығыз байланысты. Біз өндірісті қоршаған ортаға, еңбек қауіпсіздігі мен әлеуметтік мәселелерді шешуге жауапты қарым-қатынаста экономикалық мән болатындай тәсілмен ұлғайтуды жалғастыруымыз керек. Бұл мәселені шешу үшін Қазақстанның көмір өнеркәсібін тұрақты дамыту бағдарламасын қабылдау қажет.
«Адам өмірі он жылдық жалақыға тұрмайтынын, баға жетпес екенін жұмыс беруші түсінетін кез келді! «АрселорМиттал Теміртау» деректері бойынша 2021 жылы қазақстандық активтерге салынған инвестиция шамамен 212 миллион долларды құрады, бірақ, бұл инвестициялардың қай бөлігі заңмен талап етілетін көмір қабаттарын алдын ала газсыздандыруға бағытталғаны, ал қай бөлігі еңбек қауіпсіздігін арттыруға бағытталғаны белгісіз. Сонымен қатар, қайғылы оқиғалардың басты себептерінің бірі – шетелдік инвестордың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын ескермеуі. Қазақстанда көмір өнеркәсібінің дұрыс дамуы үшін қауіпсіздік талаптарын жүйелі түрде бұзатын компанияларға қатаң шаралар мен санкцияларды қолдану қажет», – деп есептейді ҚРКФ төрағасы.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, «АрселорМиттал Теміртау» кәсіпорындарында бұрын болған қайғылы оқиғаларға кінәлілерді жауапкершілікке тарту шараларының нәтижесі әлі жарияланған жоқ.
«Белгісіз себептермен тергеу созылды, ал адам өліміне әкеп соқтырған жазатайым оқиғалардың орын алуына жол берген шетелдік басшылардың жауапқа тартылатыны белгісіз. Біз қанды емес, әділдікті талап етеміз, адам өмірі үшін материалдық және қылмыстық жауапкершілікке тартылу керектігін түсінуді талап етеміз», – деп атап өтті ҚРКФ басшысы.
Сатыбалды Дәулеталин «Қазақстан» шахтасындағы 17 тамыздағы қайғылы оқиға бізді Кәсіподақтар федерациясы бірнеше жылдан бері қол жеткізуге талпынып келе жатқан қажетті шараларды қабылдауға назар аударуға мәжбүр етіп отырғанын атап өтті.
«Біріншіден. Көптеген кәсіпорындардың негізгі қорларының тозу дәрежесі критикалық деңгейде. Тау-кен құрал-жабдықтарын жаңартуға тез арада кірісіп, үздіксіз материалдық-техникалық жабдықтауды қамтамасыз ету қажет.
Екіншіден. Тау-кен жұмыстарының қауіпсіздігін арттыруға, көмір өнеркәсібіндегі апатты жағдайлар және жарақат алуларды азайтуға, сондай-ақ, әскерилендірілген апатты-құтқару бөлімшелерінің толыққанды әзірлігін арттыруға көмектесетін, тау-кен жұмыстарында персоналды диспетчерлік орналастыруды бақылау, апатты жағдай кезінде еңбеккерлерді анықтаудың цифрлық жүйелерін дамыту саласында көмір компаниялары мен бақылаушы органдардың электронды өзара іс-қимыл жүйесін әзірлеу керек.
Үшіншіден. Өнеркәсіптік қауіпсіздік жағдайын анықтау мақсатында технологиялық процестердің параметрлерінің мәндері туралы ақпаратты жинауды, бекітуді, жүйелеуді автоматты түрде қалыптастыруды және бағалауды қарастыратын өнеркәсіптік қауіпсіздік жай-күйін мемлекеттік қашықтықтан бақылау жүйесін енгізу қажет.
Төртіншіден. Қауіпті өнеркәсіптердегі еңбекке ақы төлеу жүйесінде өндірілген өнімнен жалақыны байланыстыруды алып тастау қажет. Жоспарлы өндірістік көрсеткіштерге көз жұма ұмтылу емес, еңбек қауіпсіздігі басым болуы тиіс.
Бесіншіден. Бүгінгі таңда күрделі мәселе – кадр тапшылығы. Жұмыскерлер санының нормативтерін міндетті түрде кәсіпорын еңбеккерлерінің өкілдерімен келісе отырып, бекіту қажет. Бекітілген нормативтерді сақтамағаны үшін жауапкершілікті күшейту керек. Сонымен қатар, негізгі позицияларда өндірістің нақты қажеттіліктерін жеткілікті түсінбейтін шетел мамандарының болуы алаңдатады, себебі, азаматтарымыздың қауіпсіз еңбек етуі осы позицияларға тікелей байланысты.
Алтыншыдан. Мемлекеттік бақылау және қадағалау шараларын күшейту және Еңбек пен Кәсіпкерлік кодекстерінде көзделген мемлекеттік еңбек инспекциясының қызметінде бар шектеулерді алып тастау қажет. Сондай-ақ, Халықаралық еңбек ұйымының ұсыныстары мен стандарттарына сәйкес мемлекеттік инспекторлар санын арттыру және мемлекеттік еңбек инспекциясын жергілікті атқарушы органдардан Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің тікелей бағыныстылығына беру қажет.
Жетіншіден. Халықаралық еңбек ұйымының «Шахталардағы қауіпсіздік және еңбекті қорғау туралы» №176 конвенциясын және оған «Жер асты көмір шахталарында еңбекті қорғау тәжірибелі ережелер жинағы» қосымшасын ратификациялау қажет. Халықаралық еңбек ұйымының №176 конвенциясын ратификациялау және жүзеге асыру шахталардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау деңгейін арттыру және шахтадағы апаттар салдарынан қаза болғандар санын азайту мәселесін шешуде маңызды қадам болар еді», – деп ҚРКФ нақты ұсыныстарын айтып өтті Сатыбалды Дәулеталин.
Жалпы, оның пікірінше, өндірістегі болған жазатайым оқиғалар мен кәсіптік ауруларға әрекет етуден олардың пайда болу себептерін тиімді алдын алу, оларды болдырмауға көшу қажет.
«Бұл жай ғана декларативті үндеу емес, ол егжей-тегжейлі жазылуы керек. Басқаша айтқанда, еңбекті қорғауды басқарудың озық жаңғыртылған үлгісін қалыптастыру қажет. Барлық көрсетілген мәселелер шұғыл түрде шешілуі тиіс, өйткені, бұл біздің еліміздегі миллиондаған еңбеккердің өмірін сақтап қалуға тікелей байланысты», – деп түйіндеді сөзін Сатыбалды Дәулеталин.
ҚР Кәсіподақтар федерациясының мәліметінше, 1994 жылдан бері «АрселорМиттал Теміртау» компаниясының көмір кеніштерінде 170 кенші қаза тапқан.
ҚРКФ медиаорталығы