ortalyq.kz: “ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы кеншілермен 700 метр тереңдікте кездесті”

Ағымдағы жылдың 23-24 тамызында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қарағанды ​​облысында бірқатар жұмыс кездесулерін өткізді. Оның біріншісі Саран қаласындағы Түсіп Күзембаев атындағы шахтаның лавасында 700 метр тереңдікте болды. Сатыбалды Дәулеталин шахта басқармасының өкілдері мен кәсіподақ белсенділерімен бірге екінші ауысымға №2 кен учаскесінде жұмыс істейтін бригадаға аттанды. Ауысым кеншілері кеніш тарихында алғаш рет жұмыс ауысымы кезінде олардың жұмыс орнына келушілер келгенін атап өтті. – Әдетте, барлық делегациялар ең қауіпсіз саналатын бірінші ауысым кезінде, яғни, таңертең механизмдер мен жабдықтар әлі іске қосылмаған, жөндеу жұмыстары жүргізіліп, кеншілер жұмыс істеуі үшін алаңдар дайындалып жатқан кезде келеді. Сіздер – 28 жыл еңбек өтілімде мұнда бірінші рет көріп тұрған келушілерсіздер, – деді кездесу барысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ Көмір департаменті Т.Күзембаев атындағы шахтаның өндірістік қызметінің тау-кен машинисі 59 жастағы Олег Карезин. ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин 17 тамызда көршілес «Қазақстан» шахтасында әріптестерінің қаза болуына байланысты кеншілерге көңіл айтып, олардың мәселелерін ашық айту және АМТ кеншілерінің еңбек жағдайларын өз көзімен көру үшін лаваға түскенін атап өтті. – Соңғы жылдар ішінде біз еліміздің Парламенті мен үкіметінде қауіпті және зиянды еңбек жағдайында жұмыс істейтін еңбеккерлердің зейнет жасын қысқарту мәселесін көтеріп, талқыладық. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың жуырда жасаған мәлімдемесі бұл мәселенің оң шешімін табатынына сенім ұялатады. Алайда кәсіподақтар бұл мәселе кешенді шешілуі тиіс деп санайды, 55 жаста зейнетке шығатын кеншілерді одан әрі әлеуметтік қорғауды қамтамасыз ету, оларды одан әрі жұмысқа орналастыру немесе тәжірибелерін жас кеншілерге дағдыландыру үшін пайдалану мүмкіндіктерін қарастыру қажет деп есептейді. ҚРКФ мүше ұйымдары – көмір өнеркәсібі кәсіподақтары жұмыс берушінің алдына кадр тапшылығы мәселесін бірнеше рет көтерген. Бұл мәселе күн тәртібінде қалып отыр, біз оны әлеуметтік әріптестермен бірлескен жұмыс аясында келісім комиссиялары мен әлеуметтік әріптестік жөніндегі үшжақты комиссияның алдағы отырыстарында шешуге ұмтылатын боламыз. Кеншілердің жалақысына келсек, мен оларды қолдаймын! Жерасты кеніші еңбеккерлерінің жалақысын көтеру қажеттігі анық. Кеншінің жұмысы ең ауыр, ең қауіпті, соған сәйкес бағалануы керек. Мен бүгін бірінші рет сіздер күн сайын жер астына 8 сағатқа түсіп, өтетін жолды жүріп өттім. Бұл – аттары алтын әріппен жазылатын Батырлар жолы, ал Батырларды ардақтап, олардың еңбегін лайықты құрметтеу қажет, – дейді Сатыбалды Дәулеталин. ҚРКФ төрағасы кеншілерге көтерілген мәселелердің барлығы Қарағанды ​​облысы әкімдігінде әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік-еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссияның отырысында талқыланатынын жеткізді. Төрт сағат өткен соң, Сатыбалды Дәулеталин «төбеге» көтерілер алдында қазір «Қазақстан» кенішіндегі апатты арнайы үкіметтік комиссия тексеріп жатқанын, содан кейін материалдар құқық қорғау органдарына берілетінін атап өтті. – Біз тергеу барысын қадағалап отырмыз. Кәсіподақтар федерациясы объективті тергеуге қолжеткізуге ниетті – кеншілердің өліміне кінәлілер жазалануы керек. Жұмыс беруші кеншілердің қауіпсіздігі мен еңбегін қорғау талаптарының орындалуын түбегейлі қайта қарауға міндетті, – деді ҚРКФ төрағасы.

https://ortalyq.kz/r-k-sipoda-tar-federatsiyasyny-t-ra-asy-kenshilermen-700-metr-tere-dikte-kezdesti/