ҚРКФ төрағасы Қарағанды және Ұлытау облыстары кәсіподақ активінің жұмысымен танысты

Қарағанды ​​облысы бойынша қорытынды кездесуді Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Кәсіподақ орталығында Қарағанды ​​облысының кәсіподақ активімен және «Еңбек» депутаттық тобының мүшелерімен және Ұлытау облысының кәсіподақ көшбасшыларымен өткізді.

Сатыбалды Дәулеталин жиынға қатысушылармен халықаралық ауқымдағы ең маңызды оқиғалар – Кәсіподақтар федерациясының Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясына мүшелігін қалпына келтіру және Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымын құру жайттарымен бөлісті.

Әріптестеріне арнаған сөзінде ол кәсіподақ ішіндегі бірлікті нығайтудың маңыздылығын атап өтті.

«Арттарыңызда Федерация және 2 миллионға жуық кәсіподақ мүшелері тұр. Біз барлық ұмтылыстарымызда біргеміз және қиын уақытта қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Біздің ортақ мақсатымыз – Әділ Қазақстанды құру, ең бастысы, халықтың әл-ауқатының артуына, табыстың әділ бөлінуіне қол жеткізу және еңбеккерлердің қауіпсіз еңбек жағдайын қамтамасыз ету», – деді Сатыбалды Дәулеталин.

Ол Кәсіподақтар федерациясы 2024-2026 жылдарға арналған лайықты еңбек ұлттық бағдарламасының жобасын әзірлеуге, сондай-ақ, Қазақстан Республикасындағы 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеуге белсенді атсалысатынын айтты.

Өңірдің аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің басшысы Болат Жұмабеков облыс кәсіподақтары аумақтық бірлестігінің еңбекшілердің құқықтары мен мүдделерін қорғау бағытында атқарып жатқан шараларына тоқталды.

«Қорғау» көміршілер кәсіподағының төрағасы Евгений Буслаев көмір өнеркәсібі қызметкерлерінің түйткілді мәселелерін шешуге қатысты өз ойымен бөлісті.

Салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары түрлі салалардағы еңбек қатынастарының жай-күйі туралы баяндады.

Кездесу барысында ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Заң клиникасы облыстық филиалының жұмысымен танысты, оның басшысы Света Шардарбекова медиаторлар, заңгерлер және кәсіптік патологтардың бірлескен жұмысына тоқталды.

«2023 жылдың басынан ағымдағы жылдың 24 тамызындағы жағдай бойынша Заң клиникасының филиалына 60 өтініш түскен. 2023 жылдың бірінші жартыжылдығында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ базасында Заң клиникасы филиалының заңгерлері кәсіпорынның 132 қызметкеріне қоғамдық қабылдау өткізіп, оларға еңбек қатынастары бойынша кеңестер берілді», – деді Света Шардарбекова.

Сатыбалды Дәулеталин өңірдегі кәсіпорын қызметкерлерін құқықтық қамтамасыз ету шараларының маңыздылығын атап өтті.

Өңірдегі әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамыту мәселелерін шешу және Қарағанды мен Ұлытау облыстары еңбекшілерінің әлеуетін нығайтуға кәсіподақтардың табанды түрде атсалысуы бойынша бірқатар нақты міндеттер қойды.

 

ҚРКФ медиаорталығы