Хромтаудағы Дөң тау-кен байыту комбинатына – 85 жыл

Хромтауда Дөң тау-кен байыту комбинатының 85 жылдығына арналған мерекелік шара өтті. Ауданның орталық стадионында құрылған сахнада қызметкерлер марапатталып, танымал қазақстандық жұлдыздардың қатысуымен шоу ұйымдастырылды, қойылымдар сахналанды. Хромтаудың мыңдаған тұрғыны – мереке қонағы болды.

Ақтөбе облысы кәсіподақтар орталығының төрағасы А.Әмірғалиев пен «Қазақкәсіпметалл» тау-кен металлургия салалық кәсіподағы» ҚБ төрағасы А.Нұралин, «Қазхром «ТҰК» АҚ біріккен кәсіподақ бірлестігінің төрағасы Әбілқайыр Сотқаров және Дөң кен байыту комбинаты бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Елтай Утегулов салтанатты шараға қатысып, құттықтау сөз сөйледі.


Бүгінгі таңда «Қазхром» ТҰК»компаниясының ең үлкен байлығы – өз өмірін еңбекке арнаған жандар, кәсіпорында бір әулеттің мүшелері де жұмыс істейді. Дөң тау-кен байыту комбинатында 8 мыңнан астам еңбеккер жұмыс істейді.

Кәсіподақ көшбасшылары кеншілерді кәсіби мерекесімен және комбинаттың 85 жылдық мерейтойымен құттықтай отырып, шахталардағы еңбек қауіпсіздігі мен еңбекті қорғау деңгейін арттыруға баса көңіл бөлу керектігіне назар аударды.

Жалпы, кәсіпорын жұмысын бастағалы бергі 85 жыл ішінде кеншілер 238,2 миллион тоннадан астам кен өндірді. Дөң тау-кен байыту кеншілері пайдалы қазбаның алғашқы миллион тоннасын 1959 жылы өндірген болатын. Содан бері көрсеткіштер тек өсіп келеді. Биыл 5 миллион тоннадан астам өнім өндіріледі деп күтілуде.