Қарағандыда салалық кәсіподақ төрағасы ұстаздармен жүздесті

Жаңа оқу жылы қарсаңында Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Қарағанды облыстық кәсіподақ ұйымының өкілдері Нұра ауданының педагогикалық еңбек ұжымдарымен кездесулер өткізді.


Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Қарағанды облысы Кәсіподақ орталығының төрағасы Болат Жұмабековтың қатысуымен «Шахтерское» кентінде кәсіподақ белсенділерімен кездесу ұйымдастырылды.

Нұра ауданының білім бөлімі Қайып Шайменов атындағы мектептің бастауыш ұйымының кәсіподақ мүшелерімен еңбек қатынастары саласындағы мәселелер талқыланып, бірқатар еңбеккерлер марапатталды.

Қарағанды облыстық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлерінің кәсіподақ қызметін дамытуға қосқан белсенді үлесі үшін дене шынықтыру пәнінің мұғалімі Қайыртай Рахымбеков Құрмет грамотасымен, мектеп қызметкері Ольга Холдеева және Мағжан Жұмабаев атындағы жалпы білім беретін мектептің биология пәнінің мұғалімі Аслан Мәкішев алғыс хаттармен марапатталды.

Нұра кәсіподақ ұйымы филиалының төрағасы Адамбай Мұстафин «Шахтерское» ЖШС тарапынан тиімді әлеуметтік әріптестік пен тұрақты қолдау көрсеткені үшін Қарағанды облысының құрметті азаматы, кент тұрғындары, оның ішінде, кәсіподақ мүшелері үшін жайлы өмір сүру жағдайларын жасауға үлкен көңіл бөлетін басшы Георгий Прокопқа алғысын білдірді. Денсаулықты нығайту және салауатты өмір салтын дамыту мақсатында спорттық және мәдени-бұқаралық кәсіподақ іс-шараларын өткізу үшін стадион, бассейн тегін берілетінін де атап өтті. «Шахтерское» кенті әдемі абаттандырылған, барлық көшелерге асфальт төселген және жарықтандырылған, жұмысшылардың мәдени демалуы үшін нысандар салынған, жас мамандар үшін қаржылай «көтермелеу» бөлінеді, орталық алаң заманауи сәулет нысандарымен және сергітетін үлкен субұрқақпен жабдықталған.