Мұнай саласы еңбеккерлерінің талап-тілектері жеткізілді

Қызылорда облысы аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Мақсұт Нәлібаев бастаған бір топ мұнай саласы компанияларының кәсіподақ ұйым төрағалары Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетовпен кездесіп, сала жұмыскерлерінің талап-тілектерін жеткізді.

Кәсіподақ көшбасшылары мәжіліс депутатына қауіпті, зиянды жұмыс орындарында жұмыс істейтін жұмыскерлерді 60 жастан зейнеткерлікке шығару, инфляция деңгейімен жалақыны жыл сайын индекстеуді Еңбек кодексінде заңнамалық бекіту туралы өтініш білдірілген бес жүзден аса сала жұмыскерлері қол қойған хатты табыстады. Сонымен қатар, кәсіподақ төрағалары саладағы мұнай-сервистік компания жұмыскерлерінің жалақылары, тарифтік мөлшерлердің төмендігі, жұмыс берушінің жұмыс орындарындағы еңбек жағдайларының ұйымдастыруы мүмкіндіктері мен міндеттері туралы ұсыныс-пікірлерін білдірді.

ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Мархабат Жайымбетов аталған мәселелер туралы өз ой-пікірлерімен бөлісіп, сұрақтар бойынша тиісті министрліктерге ұсыныс берілетіндігін, көтерілген мәселелерді шешуге күш-жігерін салатындығын айтты.