Кәсіподақ төрағасы Білім күніне арналған салтанатты жиынға қатысты

Білім – ел дамуының алтын арқауы, жарқын болашақтың іргетасы. Осы ретте жаңа оқу жылының басталуына орай Түркістан облысы, Төлеби ауданындағы Төлеби жалпы орта мектебінде алғашқы қоңырау үні соғылып, 1 қыркүйек – Білім күніне арналған салтанатты жиын өтті.

Мерекелік шараға арнайы қатысқан Бердіғали Өмірәлі жаңа оқу жылында алтын ұя мектебіне алғаш қадам басып, мектеп табалдырығын аттағалы тұрған оқушылар мен олардың ата-аналарын, мектеп ұжымын, ұстаздар қауымын құттықтап, жылы лебізін білдірді.


“Білімді ұрпақ – еліміздің болашағы, ертеңі. Ел мәдениеті өркендеген қазіргі заманда тек білімді жастар ғана ұлтымызды асқақтатып, елімізді көкке көтереді. Қазақстанның болашағы жастар еншісінде екенін ескерсек, сол жастардың сапалы білім алып, тәрбиелі, парасатты азамат болып қалыптасуына да ұстаздардың да ықпалы зор екені анық. Ұстаз қолында адам тағдыры, болашақ ел тағдыры тұрады. Сол себепті заман талабына сай шығармашылықпен жаңашылдықпен сан қилы тәрбие жұмыстарын жүргізу – мұғалімнің басты міндеті екенін ұмытпауымыз керек”, – деп атап өтті ол.

Шара соңында көптен күткен алғашқы қоңырау үні соғылып, жаңа оқу жылы да басталып кетті.