Құрметті әріптестер, білім беру саласының қызметкерлері мен ардагерлері!
Баршаңызды Білім күнімен және жаңа оқу жылының басталуымен шын жүректен құттықтаймын!
Адам үшін барлық құндылықтардың ішінде ең басты байлық – білім. Қазіргі заманда білім – қоғамның алға басуы мен дамуының негізі, кез келген саладағы нәтижелі қызметтің кілті, адам үшін табысты мансап пен берекелі өмірдің берік негізі.
Бұл мерекенің әрқайсымыз үшін маңызы зор. Бұл күн дәстүрлі түрде қуаныш пен толқуға толы. Мектеп әлеміне енді қадам басып келе жатқан бірінші сынып оқушылары бұл күнге ерекше дайындалады. Олардың жеке тұлға болып қалыптасуында Сіздердің айқын қолтаңбаларыңыз бар.
Сіздердің күш-қуаттарыңыз, жігерлеріңіз, балаларға деген сүйіспеншіліктеріңіз елдің болашағын қалыптастырады. «Білімді ұрпақ – ұлт болашағы» десек, білім беруді дамыту мәселесі – қоғам мен мемлекетті өркендетудің жарқын жолы.
Елімізде білім сапасының жоғары деңгейіне қол жеткізу жолында көптеген іс-шаралар жүзеге асырылып, жаңашыл бастамалар мен іргелі ізденістер қолға алынуда. Мемлекеттік қолдаудың арқасында сапалы және қолжетімді білім алу үшін барлық жағдай жасалуда. Жыл сайын саланы қаржыландыру артуда, материалдық-техникалық база жетілдіріліп, оқытудың заманауи технологиялары енгізілуде. Біздің ортақ міндетіміз – бұл үрдісті сақтап, дамыту.
Сіздерге ел игілігі жолындағы ерен еңбектеріңізге толағай табыс, шаңырақтарыңызға шаттық, отбасыларыңызға амандық, мықты денсаулық тілеймін!
Ізгі тілекпен,
ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы С.Дәулеталин