Аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев төрағалығымен Қызылорда облыстық кәсіподақтарының Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Кеңес отырысына әлеуметтік әріптестік шеңберінде облыстық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Талант Ерманов қатысты. Бірлестік төрағасы Үйлестіру кеңесі құрамындағы өзгерістер туралы ұсыныс білдіріп, кеңес мүшелігіне жаңадан сайланған Байланыс және телекоммуникация қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағы Қызылорда облыстық филиалы төрағасы Берік Бисембаев пен «Ақ берен» серіктестігі Қызылорда филиалы кәсіподақ ұйымы төрағасы Күміскүл Пірмаханованы таныстырды.
Үйлестіру кеңесі отырысының күн тәртібінде 2030 жылға дейінгі қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын ілгерілету мәселесі, облыс көлеміндегі ұйымдарда Ұжымдық шарт жасасу және оған мониторинг жүргізу мәселесі талқыланды. Кеңес мүшелері Ұжымдық шартты тіркеу алдында оны жасасу кезінде құқықтық құжаттың заңнамалық бағалануы қажеттілігін алға тартып, басқарманың кәсіподақтармен бірлесе жұмыс жасауын ұсынды.
Кеңес отырысында Қызылорда облысы кәсіподақтары қыркүйек айының соңғы жексенбісіне белгіленген Еңбек күні және 10 қазан Кәсіподақтар күнін атап өтуге арналған жұмыс жоспарын пысықтады. Сонымен қатар, ақпараттық жұмыстар барысы, Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар Федерациясының ақпарат көздерін қолдау мәселесі және кәсіподақ ұйымдарында семинар-оқуларды ұйымдастыру мәселесі қаралды.
Қаралған мәселелер бойынша Кеңес мүшелерінің ұсыныс-пікірлері тыңдалып, шешімдер қабылданды.