Құрылыс саласында қауіпсіздік ережесін сақтау – өзекті мәселе

Астана қаласының Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов, Қазақстан Республикасы Құрылыс кешені және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызметкерлерінің салалық кәсіподағының «Астана» қалалық филиалының төрағасы Тілеулес Мадьярова және елордадағы Еркін тас қалаушылар одағының өкілі Болатбек Блялов құрылыс саласындағы еңбек заңнамасы нормаларының сақталуын бақылау жөніндегі жұмысты күшейтуді және әрі қарай еңбек заңнамасын түсіндіру мәселесін талқылады.

Еске салайық, ағымдағы жылы Кәсіподақ орталығының, еңбек инспекциясының, құрылыс салушылар қауымдастығының, өнеркәсіптік қауіпсіздік департаментінің және тас қалаушылардың өкілдеріне құрылған жұмыс тобы Астана қаласындағы құрылыс нысандарына мониторинг жүргізді. Бақылау барысында көптеген заң бұзушылықтар анықталды. Мәселен , кейбір жұмыс берушілер құрылысшылармен еңбек шартын жасамаған. Сондай-ақ жұмысшылар өз қаражатына қорғаныс және жұмысқа қажетті құралдарды сатып алуға мүдделі болып отыр т.б.

Мониторинг нәтижесі бойынша бүгін Астана қаласының Кәсіподақтар орталығы мен Еркін тас қалаушылар одағын атынан қала әкімі мен қала прокурорына ұсыныс хат жолданды.