1 қыркүйек күні Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауын жариялады.
Бұл жолғы Жолдаудың басты ерекшелігі – онда алдағы бірнеше жылға арналған басым бағыттар айқындалып, тиісті органдарға нақты тапсырмалар жүктелді.
Басымдықтардың барлығы бұған дейін жүзеге асқан реформалардың логикалық жалғасы болып саналады. Осылайша, Мемлекет басшысы экономикалық, саяси-әлеуметтік және идеологиялық салаларды қатар реформалау үшін стратегиялық бағытты кезең-кезеңімен жүзеге асырып келеді.
Жолдаудың негізгі бөлігі экономикалық мәселелерді шешуге бағытталғанымен, маңызды әлеуметтік мәселелер де назардан тыс қалған жоқ. Оның ішінде Мемлекет басшысы Кәсіподақтар федерациясы көтеріп жүрген ең төменгі жалақы мөлшерін көтеру және зиянды еңбек жағдайларында жұмыс істейтін қызметкерлер туралы мәселелерге де үлкен назар аударды:
– 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшері 85 мың теңгеге көтеріледі. Бұл шара 1 миллион 800 мың адамның, оның ішінде бюджет саласында еңбек ететін 350 мың азаматтың әл-ауқатын арттыруға септігін тигізеді;
– сонымен бірге, зиянды еңбек жағдайларында ұзақ уақыт жұмыс істейтін қызметкерлерге зейнеткерлік жасқа толғанға дейін, атап айтқанда, 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленетін болады.
Президент Жолдауында сондай-ақ жұмыспен қамту, балалар қауіпсіздігі, білім берудегі тепе-теңдік секілді мәселелерді де көтерді.
Жалпы алғанда бүгінгі Жолдауда қоғамдағы қордаланған мәселелерді шешуге бағытталған көптеген идеялар мен ұсыныстар айтылды. Бұл міндеттердің барлығы жүзеге асырылып жатқан іргелі реформаларға тың серпін береді. Жолдау жүктеген межелі міндеттердің жүйелі орындалуы қуатты Қазақстанды құрып, елдің әл-ауқатын жақсартуға бағытталады деген сенімдемін.
Қазақстандық оқу-ағарту, ғылым және жоғары білім қызметкерлері салалық кәсіподағы ұйымының төрайымы Айгүл Мұқашева