Төлеген Күнәділов: “Мемлекет басшысы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге баса көңіл бөлді”

Мемлекет басшысы қауіпсіз еңбек жағдайларын қамтамасыз етуге және халықтың әл-ауқатын жақсартуға баса көңіл бөлді.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Жолдауында еңбек қауіпсіздігі мәселесіне тоқталды. Өндірістегі жұмысшылардың зардап шегуі және өлімі көп болып кетті. Мәселен, Астана қаласында 2023 жылдың 8 айында 20 жазатайым оқиға орын алып, 10 адам қаза тауып, 10 адам ауыр жарақат алды. Барлық 10 өлім жағдайы құрылыс нысандарында орын алып отыр. Президент Үкіметке кәсіпорындардағы технологиялық және экологиялық жағдайды, денсаулық сақтау жүйесін жақсарту үшін түбегейлі шаралар қабылдауды тапсырды. Ол үшін ірі өнеркәсіптік өндірістер әр бес жыл сайын технологиялық және экологиялық аудиттен өтуі керектігін, бұл жағдай инфрақұрылымдық кәсіпорындарға да қатысты екені айтылды.

Қазіргі уақытта Қазақстан Республикасында 2030 жылға дейін Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеу бойынша жұмыс жүргізілуде. Тұжырымдаманың негізгі бағыты өтемақылық тәсілдің ескірген түрінен тәуекелге – қауіпсіздік және еңбекті қорғау саласындағы бағдарланған үлгіге көшуді қамтамасыз ету болып табылады. Бұл жобаны іске асырудың әдістемесі мен құралдарын әзірлеу үшін арнайы құрылған жұмыс тобына әлеуметтік әріптестіктің барлық тараптары, сарапшылар, ғылыми қоғамдастық, сонымен қатар Кәсіподақтар федерациясының өкілдері енгізілді.

Кәсіподақтар федерациясы қарапайым еңбек адамдарының мүдделерін қорғауды, жалпы еңбек ұғымының айналасындағы мәселелерді бұған дейін де түрлі алаңдарда көтеріп жүр. Соның ішінде зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істеп жүрген жұмыскерлерге әлеуметтік қолдау тетіктерін, атап айтқанда, осы саладағы адамдарға зейнет жасына толғанға дейін 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төлеуді үкіметке қарауды ұсынды.

Ел Президенті халықтың өмір сүру сапасын жақсарту бағытында келесі жылдан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге өсіруді тапсырды. Қазіргі уақытта ең төменгі жалақы мөлшері 16 елде заңмен белгіленбейді, 75 елде бірыңғай ЕТЖ орнатылуда. Ал, дамыған елдерде ЕТЖ 35 тен 60%- на дейін белгіленеді. Біздің еліміз халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, заңнамалық түзетулер енгізуді қарастыруда.

Бүгінгі Жолдауда халықтың тұрмысын жақсарту бағытында кәсіподақтар айтып жүрген өзекті мәселелер қолдау тауып отыр деп айта аламыз.

 

Астана қаласы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Төлеген Күнәділов