Бағлан Қарашолақов: “Мемлекет басшысының Жолдауы ел дамуының жаңа бағытын айқындады”

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев бүгінгі Қазақстан халқына кезекті Жолдауында ел болашағына қатысты ауқымды мәселелерді көтерді. Біріншіден, ел экономикасын ары қарай дамыту мәселесін көтерсе, одан басқа еліміздің ішкі және сыртқы геосаяси факторларға қатысты даму векторын анықтап берді. Бұл Жолдаудың бір ерекшелігі – атқарылатын нақты қадамдар бойынша нақты үш жыл мерзім айқындалды. Бұл – арқаны кеңге салмай, ширақ қимылдап, нақты нәтиже көрсетуді талап етеді.

Осы тұста еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйымдардың бірі – Кәсіподақтар федерациясының өкілдері де Жолдауды құптап, оны жүзеге асыру үшін әзір екендерін жеткізгісі келеді. Бұл жерде кәсіподақ өкілдері барлық дерлік мінберлерден ұдайы көтеріп жүрген – зиянды, ауыр және аса ауыр еңбек жағдайларында жұмыс атқаратын еңбеккерлерге 55 жастан бастап зейнет жасына дейін қосымша ақы төлеу мәселесі көтерілгенін толықтай қолдайды. Әрине, кәсіподақ өкілдері әлеуметтік төлемнен басқа зейнетке шығу жасын төмендету мәселесін де ұдайы көтеріп жүр. Дегенмен, бұл мәселе де Мемлекет басшысының назарында екенін білеміз және алдағы уақытта оң шешімін табады деген ниеттеміз.

Бұл орайда, аталған әлеуметтік төлем Жамбыл облысында да ауыр еңбек жағдайларында еңбек ететін жұмыскерлерге қосымша көмек болары сөзсіз. Өңірдегі бір ғана «Казфосфат» ЖШС-де 7000 жуық еңбеккер болса, соның басым көпшілігі зиянды факторлармен байланысты жұмыс атқарады. Жалпы алғанда, облыстық кәсіподақ өкілдері өндірістік жарақаттар мен еңбек қауіпсіздігі мәселелерін облыстық үшжақты комиссия отырыстарында да тұрақты көтеріп отырады. Себебі қауіпсіз еңбек – күн тәртібінен түспейтін басты мәселе!

Сол сияқты кәсіподақ өкілдерінен қолдау тапқан Жолдаудағы тағы бір мәселе – ең төменгі жалақы көлемін 85000 теңгеге дейін арттыру болды. Бұл да өз кезегінде төменгі жалақы алатын еңбек адамдарына қосымша материалдық қолдау болатыны сөзсіз. Жалпы Жамбыл өңірі жалақы көлемі бойынша республикадағы төменгі орындарда екені белгілі, десек те Президентіміз жүргізіп отырған саяси-экономикалық реформалардың арқасында соңғы үш жылда төменгі жалақы мөлшерінің екі есе ұлғаюы болашақта бұл жұмыстар жалғасын табатынына сенім ұялатады.

 

Жамбыл облысы кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бағлан Қарашолақов