Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Мейрамбек Шермағанбеттің төрағалығымен әлеуметтік әріптестік және әлеуметтік еңбек қатынастарын реттеу жөніндегі облыстық үшжақты комиссия отырысы өтті. Комиссия отырысына аумақтық кәсіподақтар бірлестігі төрағасы Мақсұт Нәлібаев облыс көлеміндегі ұйымдарда жасалған Ұжымдық шарттар жасасу, оны заңнамалар мен уақыт талабына сай толықтыру және келісімдердің сапасы туралы мәселені қозғады.
«Ұжымдық шарт ұйымдарда, кәсіпорындарда тұрақтылық кепілі. Құқықтық құжаттың еңбек қатынастарындағы шиеленістердің алдын алуда, еңбек ұжымындағы қалыпты ахуал мен ынтымақтастықты сақтауда маңызы зор. Ұжымдық шарттардың сапасы алаңдатарлық мәселе, сондықтан кәсіподақтар келісімдерді жасасу кезінде ұйымдарға құқықтық көмек беруге дайын», – деп атап өтті бірлестік төрағасы.
Комиссия отырысының күн тәртібінде облыстағы бірқатар кәсіпорындардағы еңбек қарым-қатынастары жағдайы қаралды. Облыстық бақылау басқармасы басшысының орынбасары Талант Ерманов «Торғай-Петролеум» акционерлік қоғамы, «Инфракос» республикалық мемлекеттік кәсіпорыны, «Алем строй компани» серіктестігіндегі еңбек қатынастары туралы баяндады. Сонымен қатар, комиссия отырысында «Парыз» Қазақстан Республикасы Жұмыс берушілер Ұлттық Конфедерациясы таныстырылым жасап, өңірде әлеуметтік әріптестік орнату бағытындағы жоспарларымен бөлісті.