Кәсіподақ мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесіне орай кездесу ұйымдастырды. Жиынға Ақтөбе облыстық кәсіподақтар орталығы аумақтық бірлестігінің төрағасы Алтынбек Әмірғалиев пен «Қазақстандық мұнай-газ салалық кәсіподағы» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Елена Мұстафина,Салалық кәсіподақтың Ақтөбедегі өкілдері мен «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ салалық кәсіподағының төрағасы Самат Сатов қатысты.
Аумақтық бірлестік төрағасы А.Әмірғалиев мұнай компаниясы жұмысшыларының еңбек құқығы мен әлеуметтік кепілдемелерге қарасты ұжымдық шартта көрсетілген талаптардың нақты іске асырылуына байланысты ойларымен бөлісті.
«Біз қарапайым еңбек адамдарының құқығы мен мүддесін қорғайтын кәсіподақ екенін, оның әлеуметтік әріптеспен жасалған ұжымдық шартқа орай көп бастамаларды іске асыра алатынын ұдайы жұмысшыларға жеткізіп келеміз. Жұмысшылардың талап-тілектеріне дер кезінде құлақ асуымыз маңызды. Әсіресе, қазіргі кезде өндірістегі қауіпсіздік мәселеріне көңіл бөлу маңызды», – деп атап өтті аумақтық бірлестік төрағасы А.Әмірғалиев.
Жиыннан соң мұнай-газ кешені қызметкерлерінің кәсіби мерекесі қарсаңындағы салтанатты шарада «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ-ның жергілікті кәсіподақ ұйымы үздік еңбеккерлерін құттықтады.
Мұнайшылардың ел тарихында алар орны ерекше. Бұл кәсіпті атадан балаға жалғап келе жатқан еңбек әулеттері бар. Олар осы саланың қыр-сырын толық меңгерген, білікті мамандар. Ақционерлік қоғамға қарасты Жаңажол, Кеңқияқ, тағы басқа да кен өндіру басқармаларынан өндіріс озаттары марапатталды.