Әлібек Семғалиев: “Болашағымызға бағдар берді”

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев сегізінші сайланған Парламенттің екінші сессиясын ашық деп жариялап, Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауын жариялады. Президенттің бұл Жолдауын Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігі мен барлық салалық кәсіподақ бірлестіктерінің жетекшілері көгілдір экран арқылы тікелей эфирден көріп, тамашалады.
Мемлекет басшысы халыққа арнаған Жолдауында таяудағы үш жылда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуының басым бағыттары мен Үкімет, Парламент және өзге де мемлекеттік құрылымдар алдында тұрған маңызды міндеттерді саралады. Үкімет зиянды еңбек жағдайында ұзақ уақыт жұмыс істейтін адамдарды әлеуметтік қолдау тетігін әзірлегендігін атап көрсеткен Президент «Салаларды дамытуға қосқан қомақты үлесін және денсаулығына келтірілген зиянның дәрежесін ескере отырып, мұндай жұмысшыларға зейнеткерлік жасқа жеткенге дейін, яғни 55 жастан бастап арнайы әлеуметтік төлем төленеді. Парламенттен Үкіметтің ұсыныстарын жедел қарауды сұраймын. Халық бұл мәселенің шешімін күтіп отыр», – деді.
Еңбек нарығын жан-жақты дамыту үшін Үкімет қысқа мерзімде 2030 жылға дейінгі кешенді жоспарды бекітуі керек. Азаматтардың табысын арттыру үшін 2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мың теңгеге дейін көтеруді Үкіметке тапсырды.
Сондай-ақ, Жаңа экономикалық саясаттың қағидалары мен басымдықтарын нақты айқындаумен қатар, алдағы реформаларды сапалы әрі толық жүзеге асырудың маңыздылығы мен оның табысты болуы мемлекеттік қызметшілердің біліктілігіне, жауапкершілігіне және саяси ерік-жігеріне тікелей байланысты екендігін көпшілік қаперіне берді.
​Қасым-Жомарт Тоқаев «бүкіл экономикалық жүйені шұғыл түрде түбегейлі қайта қарап, өзгерту арқылы елімізді өркендетеміз, халықтың әл-ауқатын арттырамыз. Біз болашақта қандай ел болатынымызды нақты білеміз. Бәріне бірдей мүмкіндік беретін өркениетті ел – Әділетті Қазақстанды құрамыз», – деді.
Сонымен қатар, Жолдауда халықтың әлеуметтік мәселелерін шешуге бағытталған ұсыныстар, жұмысшылардың өндірістік жарақат алуы, еңбек қауіпсіздігінің қатаң сақталуы туралы айтқан ойлары көпшіліктің көңілінен шығады деп ойлаймын. Президент Жолдауын болашғымызды бағдарлаған құжат ретінде қабылдадым.
Атырау облысы Кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Әлібек Семғалиев