Әйелдер құқығын қорғау – кәсіподақ назарында

Кәсіподақ жұмысы көп салалы. Соның бір саласы әйелдердің мәселелері. Оның ішінде жалғызбасты, көпбалалы әйелдердің мәселелері күн тәртібінен түскен емес. Жаңа оқу жылы қарсаңында “Кызмет” салалық кәсіподағы Ақтөбе облыстық филиалы төрайымы, облыстық кәсіподақтар орталығы жанындағы еңбекші әйелдер ісі жөніндегі комиссия төрайымы, Ақтөбе облысы әкімі жанындағы әйелдер ісі және демографиялық саясат жөніндегі облыстық комиссия мүшесі Мұхтарита Сағындықова гендерлік саясатпен кәсіби түрде айналысып жүрген әлеуметтік әріптестермен, аталған санаттағы кәсіподақ мүшелерімен кездесу ұйымдастырды.

Кездесу барысында нәзік жандыларға арналған кәсіподақ саясаты түсіндіріліп, әлеуметтік кепілдіктер ұжымдық шарт арқылы алынып жатканын, соның арқасында көптеген әйелдер отбасы мен кызметінің арасында өзара теңдік сақтауға мүмкіндік алғанын хабардар етті.

Сонымен қатар, әйелдерге салауатты өмір сүру салтын қалыптастыру, отбасының береке-бірлігін сақтап, бала құқығын шектемеуге шақырып, ішкі жан сұлулығы, сабырлығы мен тыныштығын сақтаудың әдістерін үйрету шебер класстарын көрсетті, тәжірибелерімен бөлісті.