Абыройлы қызметпен зейнетке…

Көп жылдар бойы білім саласында қызмет етіп, өзінің бар білімі мен тәжірибесін қызметіне арнап, кейінгі ұрпаққа үйретудегі аға буынның еңбегі әрқашанда құрметке лайық. Осындай құрметке лайық Шалқар қаласы «Балдәурен» бөбекжай-бақшасының меңгерушісі Құрманкүл Әліқұлова бүгінгі күні зейнеткерлік жасқа жетіп отыр.

«Абыройлы еңбектен – қадірлі зейнетке» тақырыбындағы салтанатты шараға ұжым мүшелері мен көп жылдар бойы қызмет атқарған әріптестері қатысып, Құрманкүл Әліқұловаға жылы лебіздерін жеткізді.


Әріптестерінің айтуынша, Құрманкүл Әліқұлова білім беру саласында 40 жылдан астам уақыт тынымсыз еңбек етіп, бүлдіршіндерді тәрбиелеу жолындағы міндетін абыроймен атқарып, балабақша ұжымының заман талабына сай жұмыс жасауына өлшеусіз үлес қосқан білікті басшы болды.

Ұжымда орны ерекше, еңбегі ерен басшыға Шалқар аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының төрайымы Гүлсайра Құлекенова жүрекжарды лебізі мен ыстық ықыласын білдіріп, қуанышқа толы күнмен құттықтады. Сонымен қатар, мерейтой иесіне Шалқар аудандық білім бөлімі мен аудандық білім қызметкерлері кәсіподақ ұйымының бірлескен құттықтауын табыстады.