Бейсенбі, 7 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Түрікменстанның Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті елшісі Батыр Реджеповпен кездесті.
Тараптар екі елдің ұлттық кәсіподақтар орталықтарының өзара іс-қимылы арқылы екіжақты ынтымақтастықтың перспективасын талқылады.
ҚРКФ төрағасы Сатыбалды Дәулеталин Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының елдегі әлеуметтік-экономикалық қарым-қатынастарды жетілдіру бойынша әлеуметтік әріптестермен бірлескен жұмысы аясындағы қызметінің негізгі бағыттары туралы, қазақстандық кәсіподақтардың Қазақстан Республикасы Президентінің Қазақстан халқына Жолдауында көрсетілген негізгі міндеттерді жүзеге асыруға қатысуы туралы, сондай-ақ, өңірлік және халықаралық ынтымақтастық аясындағы перспективалар туралы айтты.
Сатыбалды Дәулеталин атап өткендей, Қазақстан Республикасының Кәсіподақтар федерациясы екі миллионға жуық кәсіподақ мүшелерін біріктіретін еліміздегі ең ірі қоғамдық ұйым, сонымен қатар, Халықаралық кәсіподақтар конфедерациясының толыққанды мүшесі, Орталық Азия елдері кәсіподақтары кеңесінің және Түркі елдерінің кәсіподақтар ұйымының құрылтайшыларының бірі болып табылады. ҚРКФ аймақтық, оның ішінде, Түрікменстанның Ұлттық кәсіподақ орталығымен ынтымақтастықты арттыруға ниетті.
Өз кезегінде түрікмен дипломаты Батыр Реджепов Түрікменстанда, оның ішінде, әлеуметтік-еңбек саласында жүргізіліп жатқан реформаларға тоқталды. Елші Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Қазақстан мен Түрікменстанның ұлттық кәсіподақ орталықтары арасындағы өзара іс-қимылды нығайту жөніндегі бастамаларын қолдайтынын атап өтті.
ҚРКФ төрағасы Елшіге түрікмен әріптестерін ағымдағы жылдың қазан айында өтетін кәсіподақтардың аймақтық форумдарына қатысуға шақырды.
ҚРКФ медиаорталығы