Ұстаз – ұлы есім

«Білімді ұрпақ – ұлт болашағы» десек, білім – қоғамның алға басуы мен дамуының негізі, кез келген саладағы нәтижелі қызметтің кілті, адам үшін табысты мансап пен берекелі өмірдің берік негізі. Ал жас буынның жеке тұлға болып қалыптасуында ұстаздардың айқын қолтаңбасы бар. Ұстаздардың күш-қуаттары, балаларға деген сүйіспеншіліктері елдің болашағын қалыптастырады.
Осындай «мектептің жүрегіне» айналған білімді де білікті ұстаздардың бірі – Нұрлы Мұшатова. Ол 1963 жылғы 16 наурыз күні Батыс Қазақстан облысы Сырым ауданы Бұлдырты ауылында дүниеге келген. Бала күнінен білімге құштар жеткіншек математикаға деген қызығушылығын дамытып, сол бағытта білімін шыңдау мақсатында А.Пушкин атындағы Орал педагогикалық институтының «Физика-математика пәндерінің мұғалімі» мамандығы бойынша білім алады. Алғашқы еңбек жолын Тасқала ауданы Талдыбұлақ негізгі білім беретін мектебінде математика мұғалімі қызметінде бастап, сол киелі шаңырақта үзбей 21 жыл еңбек еткен. Қазіргі таңда Нұрлы Дүйсенғалиқызы Орал қаласы А.Байтұрсынов атындағы №10 жалпы орта білім беру мектебінің математика пәнінің мұғалімі қызметін атқарады.
Білім мен біліктілікті бойына сіңіре білген Нұрлы Мұшатова – облыс, республика көлеміндегі ұстаздар арасындағы сайыстардың бірнеше дүркін жүлдегері. Өмірінің саналы бөлігін шәкірт тәрбиелеуге арнаған педагог бүгінгі таңда жүздеген жеткіншектің зейінін ашып, есепке деген қызығушылығын арттырып, жоғарғы оқу орындарына түсіуіне зор септігін тигізді.
«Ұстаз – ұлық емес, ұлы қызмет», – деп Бауыржан Момышұлы айтқандай, ұстаздық қызметін абыроймен атқарып келе жатырған Нұрлы Дүйсенғалиқызы әріптестері арасында сыйлы, ата-аналар мен оқушылар арасында үлкен беделге ие.
Нұрлы Дүйсенғалиқызы өз қызметімен қатар кәсіподақ жұмысына да белсене араласып, әріптестерінің мүддесін қорғап, облыс, қала көлеміндегі кәсіподақ ұйымдастырған әлеуметтік маңызы зор барлық іс-шараларға белсене атсалысады.