«SENIM» салалық кәсіподағының мүшелері Жолдаудың негізгі бағыттарын талқылады

«SENIM» Денсаулық сақтау жүйесі қызметкерлерінің салалық кәсіптік одағының Қарағанды облыстық филиалының есептік-сайлау конференциясында «SENIM» Салалық кәсіподағының төрағасы Сапарбек Дүйсенов, Қарағанды облысы Денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бибігүл Төлегенова, облыстың денсаулық сақтау саласындағы басқа да әлеуметтік әріптестер, өңірдің салалық кәсіподақтарының аумақтық құрылымдары өкілдері Үйлестіру кеңесінің мүшелерінің қатысуымен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2023 жылғы 1 қыркүйектегі «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды.

Кәсіподақ өкілдері Қазақстан Республикасының Президенті айтқан азаматтардың әл-ауқатын арттыру, Еңбек адамдарын қолдау жөніндегі негізгі мәселелер, өндірістік жарақаттануды төмендету қажеттілігі, 2030 жылға дейін Қауіпсіз еңбек тұжырымдамасын әзірлеу және қабылдау, 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап жұмыскерлердің ең төменгі жалақысын 85 мың теңгеге дейін арттыру жөніндегі негізгі мәселелер және зиянды және қауіпті еңбек жағдайларында жұмыс істейтіндердің зейнетке шығу жасын белгілеу жөніндегі оң қадамдар – бұл Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының және оның мүшелік ұйымдарының әрқашан көтеріп жүрген бастамалары екенін атап өтті.

Қарағанды облысы Кәсіподақтар орталығының төрағасы Болат Жұмабеков атап өткендей, өнеркәсіптік өңірде әлеуметтік-еңбек қатынастарын дамыту, еңбекшілердің өзекті міндеттерін шешудегі пәрменді әлеуметтік әріптестік мемлекет пен қоғамның бірлігінде әділдікке, инклюзивтілікке және прагматизмге негізделген жаңа экономикалық бағыт қағидаттарын іске асыруға мүмкіндік береді.


Экономиканың серпінді дамуы әлеуметтік-экономикалық қатынастардың дамуына, жұмысшы кәсіптерін кәсіби даярлауға, қызметкерлер мен олардың отбасыларының өміріне, еңбегіне лайықты жағдайлар жасауда оң әсер етеді.

Еңбекшілердің мүдделерін қорғаушы бола отырып, кәсіподақтар бірлескен іс-қимылдарды Әділетті Қазақстанның дамуына бағыттауға мүмкіндік беретін жаңа экономикалық бағдардың бағыттарын қолдайды.