Батыс Қазақстан облыстық Кәсіподақтар орталығының төрайымы А.Есекенованың төрағалығымен Үйлестіру кеңесінің отырысы өтті. Кеңеске салалық және жергілікті кәсіподақ жетекшілері қатысты.
Жиын барысында ҚР Президенті Қ.Тоқаевтың биылғы жылғы Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, ең аз жалақы мөлшері 85 мың теңгені құрайтындығы, зиянды жұмыс орындарында еңбек ететін азаматтарға 55 жастан бастап арнаулы әлеуметтік төлем төленетіндігі, жұмыс орындарындағы техникалық қауіпсіздік мәселелелері қатаң тексерілу қажеттілігі сөз етіліп, осы бастамаларды еңбеккерлер арасында насихаттау тапсырмасы берілді. Сонымен қатар, ҚР Кәсіподақтар күніне орай өткізілетін шаралар нақтыланып, «Қалың қалай, бастауыш ұйым?» акциясы аясында бастауыш кәсіподақ ұйымдарын аралау кестесі бойынша жұмыстар және өзге де мәселелер жөнінде сөз қозғалды.
Салалық және жергілікті кәсіподақ ұйымдарының төрағалары тамыз айының дәстүрлі шарасы «Мектепке жол» акциясы аясында атқарылған жұмыстар жөнінде есеп берді. Сонымен қатар, облыстық үшжақты комиссиясының хаттамасы негізінде «Батыс су арнасы» ЖШС ұжымдық шартын ұзарту мәселесін қолданыстағы заңнамаға сәйкес қарап, пысықтау бойынша атқарылатын жұмыстар нақтыланды.
Оған қоса, А. Есекенова кәсіподақ жетекшілеріне «Келешек» жастар кеңесінің жұмысын жандандыру бойынша нақты тапсырмалар беріп, ҚР Кәсіподақтар күніне орай жастар мен Кәсіподақ ардагерлерінің арасындағы ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған шараларды қолға алуды ұсынды.