Тағылымы мол семинар өтті

Еліміздегі еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі жағдайды айтар болсақ, бүгінде өндірістегі жарақат пен кәсіби аурулар деңгейінің азаюы бойынша көптеген жұмыстар атқарылып, бұл күнде біздің қоғамымыздың азаматтарының әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсартуда оң нәтижеге жетіп отырғаны жасырын емес.

Осы орайда «Түркістан облысы кәсіподақтар орталығы» аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлінің қатысуымен Түркістан облыстық Ы.Алтынсарин атындағы балалар кітапханасының бастауыш кәсіподақ ұйымында еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау мен жазатайым оқиғалардың алдын алу бойынша семинар-кеңес өткізілді.

Семинар барысында өз кезегінде сөз алған аумақтық кәсіподақтар бірлестігінің төрағасы Бердіғали Өмірәлі ҚР Кәсіподақтар федерациясының 2023 жылды – «Қауіпсіз еңбек жылы» деп жариялауына орай, еңбеккерлерге еңбекті қорғау және техника қауіпсіздігін сақтау, техникалық инспекторлардың жұмысы мен өндірістік жазатайым оқиғаларды болдырмау жайлы айтып, еңбек дауларының алдын-алу, еңбек қатынастарын реттеу және құқықтық көмек көрсету жайлы мағлұмат берді.

Одан бөлек, кәсіподақ мүшелеріне Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары» атты Қазақстан халқына биылғы Жолдауындағы отандастарымыздың әл-ауқатын арттыруға және құқығын қорғауға тікелей қатысты бірқатар нақты шараларына тоқталып, мемлекет басшысының еліміздің жаңа экономикалық бағдарының қағидаттары ретінде атап өткен әділдік, инклюзивтілік, прагматизм кәсіподақ қауымдастығының басымдықтарымен үндес екендігін айтып өтті.

Семинар соңында қатысушылар өз ойларымен бөлісіп, аталмыш шаралардың жиі болып тұруын айтып, алған мағлұматтарына алғыстарын білдірді.