Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті Қазақстанның экономикалық бағыты» атты Қазақстан халқына Жолдауының негізгі бағыттарын іске асырылуын талқылау аясында Қазақстан Республикасы Кәсіподақтар федерациясының Қарағанды облысы Кәсіподақтар Орталығы жанындағы «Келешек» Жастар кеңесінің өкілдері елімізде жыл сайын қыркүйектің екінші жексенбісінде атап өтілетін Қазақстан Республикасындағы Отбасы күні қарсаңында «Отбасы – қоғамның экономикалық бірлігі» тақырыбындағы семинар-тренингіне белсенді қатысты.
Отбасы – қазақстандық қоғамның маңызды құндылықтарының бірі. Жанұяның барлық мүшелерінің қарым – қатынасы мен өзара іс-қимылын дұрыс құру, бір-біріне құрметпен қарау, заманауи экономикалық жағдайдағы еңбек тәрбиесі – бүгінгі орнықты дамудың және әділетті ұйымшыл қоғамның кепілі. Бұл өзекті мәселе өңір жастары өкілдерінің қатысуымен талқыланды.
Өзекті кездесудің спикерлері Қарағанды өңірі кәсіподақтарының әлеуметтік серіктестері: Александр Гиберт – «Видергебурт» неміс орталығы» Қарағанды облыстық қоғамының төрағасы; Александр Урмашов – «Ассамблея Жастары» РҚБ төрағалығының басшысы; Индира Джабаева – облыс бойынша Іскер Әйелдер Қауымдастығының төрайымы; Ерсін Абдулманафов – Қарағанды облысы Қазақстан халқы Ассамблеясы Кәсіпкерлер қауымдастығының атқарушы хатшысы.
Жастармен кездесу позитивті және психологиялық жайлы жағдайда, ашық диалогта өтті.
Барлық қатысушылар өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, өмірлік жағдайларда оларды шешу жолдарын бірге талқылай алды. Тек жауапкершілікпен, лайықты еңбекпен және отбасылық құндылықтарды дамыта отырып, біз Әділетті Қазақстанды бірге құра аламыз.