«Қызмет» Салалық кәсіподағы Ақтөбе филилалының бастамасымен мемлекеттік қызметшілер арасында «Отбасым-тірегім» атты байқау ұйымдастырылды. Байқаудың мақсаты- отбасы құндылықтарын насихаттау.
«Отбасының ең маңызды қызметтерінің бірі – тәрбиелеушілік міндеті. Балаларын қоғамға пайдалы азамат етіп өсіру – ата-ананың ең маңызды міндеті. Мемлекет басшысы Қасым Жомарт Тоқаев мемлекет отбасыдан басталатынын және біздің қоғамда негізгі отбасылық құндылықтарды нығайтудың маңыздылығына баса назар аударып отырғанын ерекше атап өтуіміз керек,. Тәрбие – тал бесіктен басталады. Мұндай байқаулар үлгілі отбасыларды өзгелерге өнеге етуге септігін тигізеді», – деп атап өтті шараны ұйымдастырушылар.
Отбасы құндылықтарын сақтай отырып, қазақы менталитетімізге сай ибалылық, кішіпейілділік қонақжайлылық, мейірімділік, жақсыға құштарлықты бойға сіңіре білген отбасыларымыз көп-ақ. Сондай үлгілі отбасылардың бірі – Даулеталиндер отбасы. Отбасында отағасы Қанат Даулеталин Бестамақ ауылдық округінің жергілікті атқару мекемесінде еңбек етсе, отанасы Әсел Даулеталина Бестамақ орта мектебінде директордың оқу ісі жөніндегі орынбасары, қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі болып білім саласында еңбек етуде. Үлкен ұлы Аязби Л.Гумилев атындағы Еуразия университетін бітіріген, магистр , ал екінші ұлы Әліби Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе университетінде 1-курс студенті. Кенжесі Данаби Бестамақ орта мектебінің 5-сыныбында оқиды . Ұжымда да, достар, туысқандар арасында да үнемі жарқын жүзбен сыпайы, кішіпейіл, сыйлы жүретін олар отбасында бір-бірімен тату. Балалары сабақтан кейін үй шаруасына көмектесіп, үйде бос уақыттарын көңілді өткізеді,өздерінің сүйікті, пайдалы істерімен айналысады. Ата-анасы балаларының жан-жақты дамуына барынша жағдай жасауға тырысуда. Бұл отбасында атаулы күндер – наурыз мерекесі, аналар мейрамы, әрқайсысының туған күндері, балаларының сайыстарда жеңімпаз атанған күндері атаусыз қалмайды. Жақсылап дастарқан жайылып, шағын мереке ұйымдастырып, отбасылық құттықтаулар мен «тосын сыйлар» жасалынады. Осындай үлгілі отбасылардың арамызда көп екені белгілі. Бірақ жасыратыны жоқ, жақсы отбасыларды дәріптеуде кемшін түсіп жатамыз. Жақсымызды асырып, бір бірімізді ұлықтай жүрсек, қоғамның жақсы жаққа өзгеруіне септігіміз тиеді.