Кәсіподақ қолдауымен мұнайшылар арасында спартакиада өтті

Ақтөбеде «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамы жергілікті кәсіподағының ұйымдастыруымен дәстүрлі спартакиада өтті. Ол жыл сайын қыркүйек айында, яғни Мұнайшылар күні кәсіби мерекесіне орайластырылып өткізіледі. Биыл іс-шараға барлығы 700-ге тарта бастауыш ұйым мүшелері қатысты.

Олардың арасында «СНПС-Ақтөбемұнайгаз» акционерлік қоғамының басқарма аппаратының, Ғылыми зерттеу институтының, «КМК-Мұнай» мекемесінің, қоғамдық тамақтандыру және сауда, құрылыс, «Ақтөбе ЭнергоМұнай», «Ақтөбемұнайсервис» басқармаларының командалары бар. Жарыста команда мүшелері арқан тартып, асық атты, гір көтерді, доп теуіп, футбол да ойнады.

«СНПС-Ақтөбемұнайгаз» АҚ жергілікті кәсіподақ ұйымының төрағасы Самат Сатовтың айтуынша, биылғы спартакиаданың ерекшелігі — жасы 40-тан асқан қызметкерлер мен ардагерлердің қатысуына мүмкіндік берілді.