ЕҢБЕК АДАМЫ – ҚҰТҚАРУШЫ РАУАН ОРДАБЕК

Төтенше жағдайлар саласында қызмет ету – қиын әрі қатерлі жұмыс. Шын мәнінде, бұл – нағыз қаһарман азаматтардың мамандығы. Күнделікті өмірде көріп жүргеніміздей, төтенше жағдай саласының мамандары жұмыс барысында талай рет көзсіз ерлікке барады. Адамдардың өміріне араша түсіп, қаза тапқан құтқарушылар да аз емес. Қауіптілігіне қарамай, ержүректілігінің арқасында бұл салада адал қызмет етіп жүрген құтқарушылардың қатарында шымкенттік Рауан Ордабек те бар.


Рауан Ордабек – Шымкент қаласы Тұран ауданы Төтенше жағдайлар Басқармасында бас маман болып еңбек етеді. Осы жылдың жаз маусымында Рауанның суға батып бара жатқан 7 жасар баланы құтқарып қалған ерлігін ел біледі.
Кейіпкер бұл салада 2017 жылдан бері қызмет етіп келеді. Әкесінің інісі және нағашы ағасы әскери салада еңбек еткен. Бала кезінен арман болған бүгінгі мамандығы. Содан Сабыр Рахымов атындағы республикалық әскери мектеп-интернатына оқуға түскен. Әрі қарай Көкшетау техникалық институтында «Өрт қауіпсіздігі» мамандығын оқып бітірген. Ата-анасы өздері қалайтын мамандыққа түсуге үгіттемеген. Ең бастысы, «Еліңе пайдаң тиетін адал қызметкер бол» деп өсірген. Адалдық, мейірімділік, қиналған жанға қол ұшын созу сияқты адамдық қасиеттер жайлы ата-анасы жиі сөз қозғап, айтып отырған екен. Сондықтан болар кейіпкеріміздің адам өміріне қауіп төнген жағдайда араша түсуден жансалмайтыны.

Әсіресе жаз маусымында тыйым салынған аймақтарға шомылып, адамдар суға кетіп жатады. Ол уақытта құтқарушылар тіпті үй бетін көрмей, қызметте болады. Жиі рейдтік шаралар жүргізіледі. Көп адамдар оқыс оқиғаға тап болса, шошып дүрбелеңге салынады. Ол жағдайды одан сайын ушықтыруы мүмкін. Сондықтан сабырлықпен қолдан келген көмекті көрсетеді екен.
«Жалпы адам өмірі – ең қымбат құндылық. Әрбір отбасында Отанға деген сүйіспеншілік, мейірімділік, ізгілік, жанашырлық жайында жиі әңгіме қозғалса, елі үшін адал қызмет ететін, халқын сүйетін азаматтар көп болар еді,»– дейді құтқарушы Рауан Ордабек.