«Еңбек жолы» байқауының қалалық кезеңінің жеңімпаздары марапатталды

Қазақстанда 2016 жылдан бастап жыл сайын «Еңбек жолы» республикалық байқауы өткізіледі. Ол еліміздегі Еңбек күнін мерекелеуге орайластырылған және «Еңбек адамына» құрмет көрсетуге арналады.

Іс-шараға ҚР Кәсіподақтар федерациясының төрағасы орынбасары Нұрлан Өтешев, Қазақстан Республикасы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау бірінші вице-министрі Ақмәди Сарбасов, Астана қаласы әкімінің орынбасары Есет Байкен және еңбек ардагерлері, кәсіподақ мүшелері, қоғам қайраткерлері, жастар өкілдері қатысты.

Биылғы байқауға барлығы 80 өтінім түсті. Конкурс қорытындысы бойынша «Үздік еңбек әулеті» номинациясында бірінші орынды «ҚТЖ» ҰК» АҚ Амангелдиновтер әулеті иеленді, еңбек әулетінің теміржол көлігі саласындағы жалпы жұмыс өтілі – 797 жыл.

«Жұмыс істейтін жастардың үздік тәлімгері» номинациясында Астана қаласы әкімдігінің «№38 мектеп-лицей» ШЖҚ МКК тарих пәнінің мұғалімі Гүлзия Иманбаева жеңіске жетті.

«Өндірістің үздік жас маманы» номинациясында бірінші орынды «Астана-РЭК» АҚ II санатты инженер Айнұр Байбатырова иеленді.

Аталған номинация иелеріне 1 000 000 теңгенің сертификаты табыс етілді. Байқаудың қалалық кезеңінің жеңімпаздары «Еңбек жолы» конкурсының республикалық кезеңінде елорданың атынан шығады.

Сонымен қатар, іс- шарада үздіксіз, талмай еңбек етіп келе жатқан әр саланың майталмандары да құрметке ие болды. Марапат иелеріне 100 мың теңгенің сертификаты берілді.