Бүгінде білім беру саласында тәжірибелі, озық ойлы, өз мамандығының хас шебері болған кісілер жетерлік. Солардың бірі – №2 Хромтау гимназиясының қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Гүлсім Жұмағазина.
Ол – ұзақ жылдар бойы ұстаздықтың ұлы жолында өзінің айшықты еңбегімен дараланған жан. Сондай-ақ, өз ісіне берілген білікті маман. 1963 жылы қарапайым отбасында дүниеге келген кейіпкеріміз мұғалім боламын деген бала арманның жетегінде жүріп, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетіне оқуға түсті. Осылайша филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығын оқып шықты.
Гүлсім Жұмағазина шәкірттерін білім қайнарымен сусындатып, қанатын қатайтып, мектеп қабырғасынан ұшырды. Бойына өмірден түйген тәжірибесін сіңірді. Біздің кейіпкеріміздің оқу-ағарту саласында тәжірибесі мол. Еңбегі еш кеткен жоқ. Мұғалімнің білім саласындағы еңбегі шәкірттердің жетістігімен өлшенеді ғой. Бұл тұрғыдан келгенде, Гүлсім Жұмағазина жемісті еңбек етіп келеді.
Ұстаздың басты ұстанымы – келешек ұрпақтың бойына ұлттық тәрбиені сіңіріп, сапалы білім беру. Соның нәтижесінде қаншама асулардан асып, биіктерді бағындыруда. Ізденіспен, терең оймен еңбек еткеннің нәтижесінде ұлағатты ұстаз көптеген жетістікке қол жеткізді. Оның бәрін тізбектеп шығу мүмкін емес. Дегенмен, білім саласында алғыс хаттармен марапатталып, құрмет төрінен көрініп жүр. Сондай-ақ шәкірттері түрлі байқауларда топ жарып келеді. Атап айтсақ, аудандық және облыстық «Абайтану» олимпиадасында І дәрежелі диплом, Абай пәндік олимпиадасында ІІ дәрежелі диплом, «Туған ауылым-мақтанышым» эссе байқауында және «Ұлттық салт-дәстүр және әдет-ғұрыптар: кеше, бүгін, ертең» атты сырттай эссе байқауының «Ұлыстың ұлы күні – Наурыз» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломы берілді.
«Адамның бір қызығы – бала деген, баланы оқытуды жек көрмедім», -деп хакім Абай айтқандай, мұғалімдіктің де өз қызығы бар. Бірақ қиындығы да аз емес, соны жеңе білген жан ғана шәкірт жүрегіне жол табады. Мен үшін оқушының сапалы білім, тәлімді тәрбие алуы маңызды. Шәкірт жетістігі – ұстаздың ерен еңбегінің нәтижесі, мұғалім мерейі. Бастысы, білім шырағын жаға білу керек», – дейді ол.