Ағымдағы жылы Еңбек күніне орай “Рудненский водоканал” ЖШС және “Рудненский водоканал” жұмыскерлер кәсіподағы ұйымының ұсынысы бойынша кәсіби, жеке қасиеттері мен жұмыс өтілін ескере отырып, Людмила Зосимовна Аксенова 43 жыл еңбегі үшін”Еңбек ардагері” медалімен марапатталды. Людмила Зосимовна – сорғы қондырғыларының машинисі, сорғылар мен жабдықтардың, автоматика құралдарының, бақылау-өлшеу құралдарының үздіксіз, апатсыз жұмысын қамтамасыз етеді.
Қауіпсіздік техникасы қағидаларына сәйкес сорғылардың, ағынды-сорғылы желдеткіштің жұмысын, аспаптардың көрсеткіші мен жұмысын, резервуарларға судың түсуін, олардың толтырылуын бақылайды, өз учаскесінде жұмыс орындарындағы техниканың жай-күйін, жабдықтың жарамдылығын тексереді, технологиялық процестер мен жабдықтардың қауіпсіздігіне үнемі талдау жүргізеді.
“Рудненский водоканал” ЖШС-де жұмыс істеген 22 жыл ішінде Людмила Зосимовна өзін еңбекқор, жауапты қызметкер ретінде көрсетті. Кәсіпорын қызметкерлері арасында лайықты құрметке ие. Жоғары кәсібилігі, кәсіпорын қызметіне қосқан үлесі үшін Людмила Зосимовна грамотамен, жұмыс берушінің Алғыс хатымен, кәсіподақтың Құрмет грамоталарымен марапатталды.
Людмила Зосимовна өзінің өмірлік өнегесімен еңбектің игілік екендігі туралы өзгермейтін шындықты дәлелдейді.